Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бақытжан Сағынтаев Қазанда болған оқиғадан қандай сабақ алу керектігін айтты

2021 жылдың 12 мамыр 2021 22:44

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазандағы қайғылы оқиғадан кейін Алматы мектептері мен балабақшаларда қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыдағы мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қазір бәрі назарға алынды. Десекте, зерттеулер көрсеткендей, біз көрмей қалатын аймақтар бар. Сондықтан бүгінде балабақшалар мен мектептерде мұндай аймақтардың болмауын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Мектеп-интернаттарды қадағалау керек, онда да бала көп. Кез келген нәрсе болуы мүмкін.Қазанда болған жағдайды ескере отырып, біз енді қосымша шаралар қолданамыз. 1 қыркүйекке дейін COVID-19 жағдайы бүгінгіден әлдеқайда жақсарады және балалар мектепке барады деген үміт бар. Осы 3,5 ай ішінде біз мектептің қауіпсіздігін тек ішкі жағынан ғана емес, сонымен қатар сыртқы периметр бойынша, оның ішінде балабақшалар қауіпсіздігін күшейту бойынша көптеген дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол мектеп инспекторлары мен психологтарының жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.

«Мамандардың айтуынша, мұндай мінез-құлықты ертерек анықтауға болады. Баланың қандай да бір қайғылы жағдайға әкелетін әрекетінің алдын алуға болады. Сондықтан біз мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігі бойынша жұмыс істейтін боламыз. Балаларымыз өздерін толықтай қауіпсіз сезінуі үшін бәрін жасаймыз «, - деді ол.

Еске сала кетейік, 11 мамырда Қазан қаласындағы Файзи көшесіндегі мектепте белгісіз екі адам оқ жаудырған болатын.

Атыс кезінде 8 адам қаза тауып, тағы 21 адам зардап шеккені хабарлаған еді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласындағы гимназияда ресейлік оқушылардың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Қайғылы жағдайға байланысты Татарстан Президенті Рустам Минниханов 12 мамырды республикада аза тұту күні деп жариялаған болатын.


Жоғары қарай