Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бахтияр Артаев: Головкин мен «Канелоның» айқасы нокаутсыз аяқталады

2017 жылдың 22 тамыз 2017 15:59

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бахтияр Артаев Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің арасындағы айқасқа қатысты болжамымен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ең қуаныштысы, елдің көптен күткен кездесуі әйтеуір болайын деп жатыр. Жылдар бойы күткен айқасқа шамалы күндер ғана қалды. Сондықтан, тойдың боларынан боладысы қызық дейді ғой (күлді). Өйткені, екі мықты шыққан кезде кей жағдайда қызық жекпе-жек болмайды. Мәселен, Пакьяо мен Мейвезердің кездесуін елдің бәрі асыға күтті ғой... Екеуі шыққан кезде (Головкин - Канело) үшінші, төртінші немесе бесінші раундқа дейін бір-бірінен сескеніп жүруі мүмкін. Одан ары қарай төртінші және бесінші раундта екеуі ашылады. Қызықтың көкесі сол кезде басталатын секілді. Өйткені, екеуі де панчер. Екеуі де бір-бірінің шамасын біле тұрып, аса сақтық танытады. Нокаут бола қоймайды. Бұл жерде екеуі де былайша айтқанда, құдайы бар жігіттер... Айқас аяғына дейін болады. Ұпай санымен Геннадий ұтатын секілді. Бірақ, жекпе-жек барысында Гена Алваресті бір-екі ногдаунға жіберуі керек. Өйткені мен білетін Генаның күш-қуаты мықты. Бір қауіп бар, Гена Кэл Брукпен шыққандағыдай, қолын түсіріп, «ұрсаң ұр» дегендей айқасқа түссе, Алварес пайдаланып кетуі мүмкін. Ондай қателікке бармай, сақ болып жүру керек. Ұпай санымен ұтпаса, нокаутқа жіберу оңай болмайды», - деді Бахтияр Артаев.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Осы жекпе-жекте Альварес GGG-дің тек екі атағы - WBA мен IBF белбеулері үшін ғана таласады. Головкин ұтылып қалса, оның тағы екі белбеуі - WBC мен IBO бос қалып, оны басқа боксшылар өзара сарапқа салады. Ал қазақстандық боксшы жеңіске жетсе, төрт белбеуіне тағы The Ring журналының арнайы белбеуін қосып алады. Аталған басылым оны арнайы Альварес үшін шығарған болатын. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда жекпе-жектің тікелей көрсетілімі 17 қыркүйекте таңертең болады.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Геннадий Головкин, Спорт,
Жоғары қарай