Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Бағдат Мусин: Бізге цифрлық білім беруді жолға қоя алатын кәсіпкерлер шоғырын қалыптастыру керек

2020 жылдың 15 сәуір 2020 18:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бағдат Мусин Қазақстанда алдағы уақытта цифрлық білім беру жүйесін дамытуға қатысты өзінің пайым-пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стратегиялық тұрғыда қарайтын болсақ, кәсіпкерлермен серіктестік – ең дұрыс жол. Қазір кейбір цифрлық білім беру ресурстары айтарлықтай деңгейде құрылымдалғанын көріп отырмыз. Ал кейбір ресурс тек видеосабақтарды түсіріп жатыр. Менің ойымша видеосабақ – сабақты түсіндірудің ең жаман форматы. Әлбетте уақыт болғанда қамданып алар едік. Бізге видеосабақты әзірлеудің керегі жоқ, сөзсіз. Бізге түбірімен оқу бағдарламасының өзін қайта қарап, цифрлық ресурстар білім беру процесін қаншалықты жеңілдететінін түсініп алған абзал. Бәріміз неге Zoom-ға лап қойдық. Өйткені мұғалім оның көмегімен бұрын қалай сабақ беріп жүрді, солай жалғасар дедік. Себебі меніңше, ендігі мұғалімдер сабақ бермейді, олар алдағы уақытта контент дайындайды», - деді ол қашықтан оқыту технологияларын қолданудың проблемалары талқыланған онлайн режимдегі кездесуде.

Президент кеңесшісінің айтуынша, Netflix-те қазіргі таңда көрермен кино түгілі, сценарийді өзі таңдай алатындай жағдай жасалған. Киноның басты кейіпкері соңында өле ме, жоқ па – аталмыш интернет алаңы осындай таңдау құқығын дайындап та қойған.

«Цифрлық контентте де солай. Мәселен цифрлық білім беру кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс қашан басталды деп мұғалім сұрақ қойғанда оқушы «1939, 1940, 1941, 1942, 1943» деген бірнеше нұсқаның ішінде дұрысын таңдап алуы тиіс. Оқушы жауапты белгіленгеннен кейін мұғалімнің контенті оның жауабын талдап, неліктен дұрыс немесе қате екенін түсіндіруі керек. Яғни бұл әдістің өзі - жаңаша ойлау. Біз цифрлық форматта қазір қозғаушы адамдарды дайындай білуіміз керек. Қазір бізге оқулық жазып жүрген адамдар ол санатқа жатпайды. Бір кезде «Атамұра», «Алматы-кітап» секілді баспаларды ашқандай қазір цифрлық білім беру ресурстарын жолға қоя алатын жеке кәсіпкерлердің шоғырын қалыптастыруымыз керек», - деді ол.

Бағдат Мусиннің айтуынша қазіргі видеосабақпен тәлім беріп, кейін тест алу жүйесі қазір жарамды болып тұрғанымен, кейін уақыт талабына мүлде жауап бере алмай қалады.


Жоғары қарай