Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бағдат Мусин: Ауылдағы науқастарға жасанды интеллект диагноз қояды

2021 жылдың 29 қазан 2021 16:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ауылдық жерлерде медицина сапасын жақсарту үшін науқастарға жасанды интеллект диагноз қояды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған өзгерістер «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.

«Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары үшін медицина мен жалпы білім беру жүйелерінің сапасы төмендеу болып отыр. Яғни ол сапаны көтеру үшін сапалы мұғалімдер мен білікті дәрігерлер қажет. Сондықтан, медициналық мәселелерді шешу үшін диагностиканы цифрлық форматта жүргізуіміз керек. Мысалы бірнеше өңірде пилоттық жобаларды жүзеге асырдық. Жасанды интеллект арқылы өкпе ауруларын немесе әйелдердің ауруларын анықтау үшін мейірбике науқасты рентген аппаратына алып келсе болғаны. Сол аппарат суреті базаға жүктеліп, Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан немесе басқа қаладан білікті мамандар қарап, диагноз қоя алады. Екіншіден жасанды интеллекттің өзі де сол суретке талдау жасап, өз ұсынымдарын бере алады. Алдағы бес жылда осы технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, мектептерде балалар кітаптарды өзімен тасып жүрмеуі үшін цифрлық технологияларды көбірек енгізіліп, керекті материалдар цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін министр емханаға МРТ суреті мен анализ нәтижелерін тасу қажет болмайтынын, әр адамның смартфонында өз денсаулығы туралы ақпарат қолжетімді болатынын айтқан еді.

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында «Цифрландыру, ғылам және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленді және бекітілді.

Ұлттық жоба аясында халыққа қызмет көрсету орталықтары да цифрлық және видеоқызметтерін іске қосады.

Қазақстанның барлық балалары информатика және бағдарламалау бойынша сапалы білім алуы үшін «Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы іске асырылмақ.

Одан бөлек, кез келген қазақстандыққа IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады.

Сондай-ақ, «Е-петиция», «Е-өтініш» және басқа да алаңдар құрылып, кез келген адам мемлекеттік орган жұмысын бағалай алады.



Жоғары қарай