Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БАӘ-де жазасын өтеп жатқан 6 қазақстандық елге қайтарылуы мүмкін

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 12:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында сотталған адамдарды беру шартын ратификациялау туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы шартпен екі елдің арасындағы толық келісімдер жинағы жасалып отыр. Қазір екі елдің өзара қарым-қатынасы жақсы. Арамызда виза жоқ. Сауда, туризм, инвестиция тарту артып келеді. Жыл сайын көші-қон саны өсіп жатыр», - деді Сенат отырысында заң жобасын оқыған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жекелеген қылмыс түрлері Қазақстан заңдарында жоқ.

«Мысалы олардың Ораза бұзу, қоғамдық жерде ішімдік ішу, некесіз жыныстық қатынасқа түсу қылмыс болып саналады. Бірақ екі елдің заңы бойынша негізгі қылмыс пен жаза түрлері ұқсас. Жалпы біз басқа елде қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға қол созуымыз керек. Себебі мемлекет үшін шетелдегі азаматтарды қорғау – Конституция жүктеген міндет. Сондықтан қылмыс жасады деп айыпталған азаматтардан бас тартпаймыз», - деді ол.

Марат Ахметжанов бұл шарттың мақсаты – сотталғандарды жазасын елінде өтеуге жағдай жасау екенін айтып өтті.

«Құжатты сотталған адамды беру мен одан бас тарту жағдайлары нақты көрсетілген. Қазіргі уақытта біздің алты қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінде жазасын өтеп жатыр. Шарт күшіне енгген соң оны елге қайтаруға мүмкіндік туады. Қазақстанда сотталған БАӘ азаматтары жоқ», - деді ол.


Жоғары қарай