Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Азық-түлік бағасы: тауар өндірушілерді қолдау, экспорт, импорт, және  бағаны тұрақтандыру шаралары

2022 жылдың 27 қаңтар 2022 10:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Үкіметке қысқа мерзім ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын жою, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау туралы маңызды міндет жүктеген болатын. Осы орайда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жұмыстары туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаларды тұрақтандыру міндетін қойды. Осы орайда, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасын тұрақтандыру бойын­ша жоспарын әзірледі. Біріншіден, биыл қымбатшылықты болдырмау үшін көктемгі егіс жұмыстарына қаржыландыру ұлғайтылып, субсидиялау жұмысы жетілдірілмек. Екіншіден, көмір мен коммуналдық қызметтердің бағасын реттеу жоспарланып отыр. Үшіншіден, монополияға қарсы күрес күшейіп, мұнай өнімдері нарығындағы делдалдар қысқартылмақ. Сонымен қатар жоспар бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Бұл іс-шаралар сұйытылған газ бен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды, мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды.


Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру

Қазіргі таңда азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің физикалық және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осы орайда, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов аталған бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп отырғанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта негізгі азық-түлік түрлерінің 5 айлық қоры қамтамасыз етілген.

«Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өндіріс-тұтыну балансын айқындайды және қажет болған жағдайда экспорттық шектеулерді енгізеді», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ оның айтуынша, сауда үстемелері мен сыйақыларға мемлекеттік бақылауды күшейту, шекті бағаларды уақтылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар қабылдануда. Министр бағаның жоғары өсу тәуекелі туындаған жағдайда монополияға қарсы органның құзыреті шегінде, нақты тауар нарықтарында мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу жүзеге асырылатынын атап өтті. Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндер мен шекті рұқсат етілген бағаларды енгізу әдістемесін бекітті. Бұл жаңа әдістеме инфляцияның белгіленген дәлізінде сөрелердегі баға өсімін шектеуге мүмкіндік береді. Биылғы І тоқсанға шекті мәндер бекітілген.

«Әкімдіктер тарапынан сауда үстемесінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алмауына күшейтілген мониторинг пен бақылау жүргізілетін болады. Осы жұмысқа тұтынушылар да қатысады. Үстеме бағаны көтеретін сауда желілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді министр.

Азық-түлікпен және экспортпен қамтамасыз ету шаралары

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың мәлімдеуінше, мемлекет ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және экспорт арасындағы теңгерімді сақтайды. Оның сөзінше, тыйым салуды енгізу туралы шешімді Сыртқы сауда қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдайды.

«Оған мемлекеттік органдар да, салалық қауымдастықтарды қоса алғанда, бизнес субъектілері де қатысады. Әрбір тауар бойынша жағдайға талдау жүргізіледі, сыртқы сауда шектеулерін енгізу кезінде қажетті есептер мен ықпал ету болжамдары жасалады», - деді Сауда комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарларға арналған басым дақылдар өндірісін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұлттық тауар өткізу жүйесінің толыққанды іске қосылуымен шағын тауар өндірушілер белсенді сауда процесіне қосылуда. Бұл жағдайда фермерлер алатын қосымша табыс қайтадан өндіріс көлемін арттырады.

«Осылайша, бір жағынан, сауда инфрақұрылымын қоса алғанда, тауар өндірісі мен ішкі сауданы дамыта отырып біз экспортты дамытуға да ықпал етеміз. Ал экспортқа бағдарлана отырып, импортты алмастыру мен ішкі нарықты қамтамасыз етуді де ынталандырамыз», - деді Ержан Қазанбаев.


Азық-түлік бағасын төмендету үшін тауар өндірушілерді қолдау

Сондай-ақ ол азық-түлік бағасын төмендету мен тұрақтандыру мақсатында тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне көрсетіліп жатқан көмек туралы айтып берді. Оның сөзінше, сауда тізбегі «өндіруші-логистика-дүкеннен» тұрады. Әрқайсысының маржасы 10% минималды деңгеймен шектелген.

«Бұл ретте, әрқайсысы өтелуі керек шығындарды көтереді. Өткен жылғы құрғақшылық, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының күрт өсуі өндірушілердің қосымша шығындарын тудыруда», - деді Ержан Қазанбаев.

Комитет төрағасысының сөзінше, өндіруші өндіріс құнынан төмен сата алмайды. Сонымен қатар, ол халықтың 40% ауылда тұратынын және қаланы тамақтандыратынын жеткізді.

«Бағаны өндірістен төмен түсірсек біздің фермерлер – ауыл тұрғындары табыссыз қалады деген қауіп бар. Егіннен қалаға дейін жеткізу – бұл да шығын. Дүкенде, мысалы, бұл электр энергиясына, жалға алуға және қызметкерлердің жалақысына арналған шығындар. Сондықтан бағаны ұзақ уақытқа белгілеу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру және сату саласында жұмыс істейтін барлық адамдарға зиян тигізеді», - деді Сауда комитетінің төрағасы.

Осы орайда, ол аталған факторларды ескере отырып, мемлекеттік органдар нарықтық тетіктерді қолдану арқылы бағаны тұрақтандыру және тауар өндірушілерді қолдау арқылы бағаны төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Комитет төрағасының мәліметінше, осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, оның ішінде ерте пісетін көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндіру үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен фермерлерге 140 млрд теңгеге дейін жеңілдікпен кредит беруді ұлғайту пысықталуда.

«Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының негізгі түрлерін импортты алмастыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Мақсат 24 көкөніс қоймасын салу емес, өндірушіден бөлшек саудаға дейін толық циклді жүйелік инфрақұрылымды құру болып табылады», - деді Ержан Қазанбаев.

Оның айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын едәуір кеңейтеді және өндірушіні тұтынушыға жақындататын экономикалық кластер құрады.


Бағаның өсуіне қатысты шағымдарды қайда жіберу керек

Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) шекті бағаларын қайта қарау және шағымдарды қайда жіберуге болатынын айтып берді. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндерді әкімдіктер әр өңір үшін жеке белгілейді және ол елдің басқа өңірлеріне таралмайды.

«Шекті бағалар туралы мәліметтер ашық болып табылады және «Әділет« порталы мен әкімдіктердің ресми сайттарын қоса алғанда, ашық көздерде орналастырылады», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ ол мемлекеттік органдарға бағаның өсуіне қатысты шағымдармен жүгінуге болатынын жеткізді.

«Әкімдіктер арқылы жүгінуге болады. Өйткені бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарда сауда желілерінде баға қоғамдық бақылауды тарта отырып, сауда үстемесінің 15% аспауы үшін сауда үстемелерін, сыйақыларды бақылау бойынша құрал бар», - деді Ержан Қазанбаев.

Сонымен қатар, жақын арада аумақтық департаменттер арқылы жүгіну мүмкіндігі пайда болатын Сауда комитетіне, сондай-ақ E-tutynushy платформасы арқылы жүгінуге болады. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және оның аумақтық департаменттері: онда азық-түлік өнімдерінің жасанды тапшылығы немесе баға алыпсатарлығы пайда болды деген күдік туындаған жағдайда хабарласуға болады.

Айта кетейік, Үкімет Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құруға және әлеуметтік-экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын жедел әрі сапалы орындау бойынша шараларды қабылдауды жалғастыруда.


Венера Жоламанқызы


Жоғары қарай