Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Азаматтардың солтүстік өңірлерге көшуіне жәрдемдесу тұрақты бақылауда - Үкімет

2021 жылдың 20 мамыр 2021 11:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азаматтардың солтүстік өңірлерге көшуіне жәрдемдесу мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік өңірлердегі демографиялық ахуалдың өзектілігін ескере отырып, Үкімет оңтүстіктен солтүстік өңірлерге азаматтардың қоныс аударуын ынталандыру бойынша жүйелі іс-шаралар қабылдауда. Қоныс аударуды ынталандыруға бағытталған іс-шаралар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау іс-шараларын күшейте отырып, бағдарлама Ұлттық жобаға (дәрежесі - ред) өзгертіледі», - делінген жауапта.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Ұлттық жобада қоныс аударушыларды қолдау бойынша тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) субсидиялар төлеу түрінде құралдар сақталады. Қоныс аударушыларды өз бетінше қабылдайтын және жұмысқа орналастыратын жұмыс берушілерді қолдау бойынша іс-шаралар күшейтіледі.

«Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері 27 мыңнан аса адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшті. Аталған тетікті өзектендіру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көшуге субсидиялар мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін арттырылды», - делінген Премьер-Министр жауабында.

Келтірілген ақпаратқа қарағанда, ақпан айында Электрондық еңбек биржасы базасында қоныс аударушыларға арналған бірыңғай ақпараттық ресурс құрылды. Ақпараттық ресурс ерікті түрде қоныс аударуды ұйымдастыруды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер, қабылдау өңірлерінде бос жұмыс орындарының болуы, тұрғын үйдің болуы және оның бағасы, қоныс аударуға квотаның болуы, өңірдің/ауданның, ауылдың паспорты, сондай-ақ қоныс аударуды ұйымдастыру жөніндегі оң мысалдар туралы ақпаратты қамтиды.

«Қоныс аударушылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй сатып алу тетігі іске асырылуда. Осылайша, бүгінгі күні 1 мыңнан астам тұрғын үй сатып алынды. Таңдауды кеңейту мақсатында қоныс аударушылардың келу аймақтары Ақмола және Қарағанды облыстарымен толықтырылды. Бұдан бөлек көшіп келушілерде бағдарлама аясында гранттар, микрокредит алып, мал, өсімдік шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бар. Жеңілдетілген кредиттер қоныс аударушылардың қаржылық жағдайын жақсарта отырып, олардың сапалы бәсекеге қабілетті өнім өндіруін және шаруашылықтарының одан әрі дамуын ынталандырады», - делінген жауапта.

Асқар Мамин жұмыс күші жетіспейтін аймақтардағы мектеп түлектерін даярлау үшін жұмыс күші жетіспейтін аймақтардың білім беру мекемелерінде «Серпін» жобасы жүзеге асырылып жатқандығын атап өтеді. 2014 жылдан бері 25 мыңға жуық жас «Серпін» жобасына қатысқан.

«Өңірлер халқының демографиялық тепе-теңдігін кешенді шешу жаңа Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ішкі көші-қонның дамуына ықпалдасуды және мемлекеттік қолдау шараларын күшейту мәселелерін (жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару үшін ынталандыру, тұрақты жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған адамдарды ұстап қалу) шешуді көздейді. Азаматтардың солтүстік өңірлерге көшуіне жәрдемдесу мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында», - делінген жауапта.


Жоғары қарай