Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Азамат Мұхамедчинов: Шығыс Қазақстанда отыз жылда 144 мектеп салынды

2021 жылдың 24 тамыз 2021 20:17

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчиновтің айтуынша, соңғы 30 жылда өңір бойынша 144 мектеп бой көтерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстел барысында өңір әкімінің орынбасары 30 жылдағы негізгі жетістіктерге тоқталды.

«Бұл дөңгелек үстелдің мақсаты - аймақтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық жетістіктеріне назар аударып, Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік жобалардың қорытындыларын талқылау. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұраны Қазақстанның аумақтық дамуының негізгі қағидаты. Шығыс Қазақстанның индустриялық-аграрлық және ғылыми-техникалық әлеуеті өңірдің даму бағыттарын айқындап берді. 30 жыл ішінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 2,4 трлн теңгеге артты. 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы шеңберінде 9 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 768,9 млрд теңгеге 55 жоба іске асырылды», - деді Азамат Мұхамедчинов.

Оның айтуынша, бүгінде ШҚО инновациялық өнім көлемі бойынша республикада 5-ші орында.

«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері облыста ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция көлемі 75 есеге артып, 36,9 млрд теңгеге жеткен. 30 жылда 144 мектеп, 27 балабақша, 453 спорт нысаны салынды. Жарма, Абай, Шемонаиха, Бородулиха, Ұлан аудандарындағы ауылдар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Семей, Өскемен қалаларында және Көкпекті, Күршім, Катонқарағай, Зайсан аудандарында 400-ден астам пәтер берілді», - деді облыс әкімінің орынбасары.


Жоғары қарай