Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аймағамбетов: Ғалымдар қоғамдағы жағдайларға сарапшы ретінде араласып, ғылыми негіз беруі керек

2020 жылдың 22 қыркүйек 2020 12:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының барлық жәдігері мен құжатын цифрландыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ әдебиеті мен мектептегі кітапханалар бойынша тиісті тапсырма берілді. Оны ары қарай жүргізу керек. Ұлттық ғылым академиясымен бірге бұл жұмысты соңына жеткіземіз. Маңызды мәселенің бірі – цифрландыру. Біз сіздерде жиналған ауқымды рухани байлықты, жәдігерлер мен ұлт мұраларын цифрландыруымыз керек. Ол үшін не қажет? Бізге өтініштеріңізді жіберіңіздер. Мәселені реттейміз», - деді Асхат Аймағамбетов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановқа қарата.

Асхат Аймағамбетов сонымен қатар ғылыми институттардың мақсаты – ғылыми ізденіс екенін, алайда олар ол жұмыстан бөлек қоғаммен жұмыс жүргізуі керектігін еске салды.

«Қоғамда болып жатқан әртүрлі құбылыстарға ойын айту, сарапшы ретінде араласу, шын мәнінде кез келген оқиғаға ғылыми негіз беру – өте маңызды мәселе. Біздің ғылыми зерттеу институттары осы жұмысты ұмытпауы керек. Әлбетте, зерттеу – басты жұмыс. Алайда қоғамдағы оқиғаларға ғылыми негізде түсінік беріп отыру маңызды», - деді ол.


Жоғары қарай