Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Айгүл Соловьева: Президент экология мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырды

2020 жылдың 11 шілде 2020 12:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырды. Осы міндеттерді орындауға Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, бұл – дұрыс әрі уақтылы көтерілген проблема. Президент елдегі экологиялық проблемаларды шешудің маңыздылығына басымдық беріп отыр. Біріншіден бұл біздің дәстүрмен байланысты. Көшпелі халық қашан да табиғатпен біте қайнасып, үндесіп өмір сүрген. Екіншіден пандемия кезеңінде пневмонияның өршіп кетуіне ұлт иммунитетінің, адамдардың тыныс жолдарының әлсіреуі өзіндік әсерін тигізді. Себебі біз экологияны ылғи ең соңғы кезекке ысырып, қарап келдік. Зиянды заттар өкпеге түсіп, оны жегідей жеп, иммунитетті әлсірететінін ескере бермедік», - дейді Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы.

Айгүл Соловьева Президенттің жыл сайын 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналатынын, олардың 15 пайызы ғана өңделетінін айтқанын еске салды.

«Жеріміз кең болғандықтан қоқысты беталды шаша береміз десек, оңбай қателескеніміз. Адамдардың көзі ұшып жүрген пакеттерге, ластанған айналаға үйреніп қалады. Ал қылмыстың бәрі бала кезде терезе шағудан басталатынын ұмытпайық. Мұнда да сол. Айналадағы қоқысты көрген адам тазалық мәдениеті мен тәртіпті, дәстүрін ұмытады. Артынша мұндай қалдықтар, сынап шамдар мен тамақ қалдықтар шіріп, қауіпті заттарды, оның ішінде метанды бөле бастайды. Осының бәрі экологияны одан ары күрделендіре түседі», - дейді ол.

Айгүл Соловьева елде тұрақты түрде тал егу акциялары ұйымдастырылып тұрғанымен ағашты есепсіз кесу де тоқтамай тұрғанын жеткізді.

«Сол себепті экологиялық мәдениетті балаға кішкентай кезінен сіңіру керек. Өзім ағашты кесу – тірі ағзаны өлтірумен пара-пар деп есептеймін. Президент экология мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырды. Мен ол міндеттердің бәрін орындалуы тиіс тапсырма ретінде қабылдаймын», - деді ол.

Еске сала кетсек 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалықтарды таяқпен, таспен ұрып жүрген видеоны көргенін айтқан болатын. Президент осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовқа балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу ісіне баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ Президент мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырды.



Жоғары қарай