Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Аяғынан ұстап үлгерді: Қостанайлық студент терезеден құлаған баланы құтқарды

2020 жылдың 20 мамыр 2020 22:26

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Жітіқара қаласында студент жігіт көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен сәбиді қағып алды. ҚазАқпарат бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға жуырда Жітіқара қаласында болған. Полицияға қаланың 7-інші шағынауданындағы үйдің үшінші қабатынан сәбидің құлап кеткені туралы хабар түскен. Терезеден құлаған баланы қала тұрғыны Темірлан Әбдіғалиев құтқарып қалған.

«Сол күні Темірлан қарсы тұрған үйдің терезесінде шамамен үш жасар сәбидің тұрғанын көрген. Ол ойланбастан көмекке жүгірген. Сәлден соң сәби төмен қарай құлап кеткен. Абырой болғанда Темірлан оның аяғынан ұстап үлгерді», - дейді полицияның баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысбай.

Темірлан Әбдіғалиев бұл жағдайды ешқашан ұмытпайтынын айтты.

«Сәби құлағаннан кейін маған шошына қараған жанарын ешқашан ұмытпаспын... Ол асфальтқа құлағанда жағдайы қандай болатынын елестетудің өзі қорқынышты», - деп еске алды жас жігіт.

Аудандық полиция бөлімі Темірланның батыл әрекетін ескерусіз қалдырған жоқ. Жітіқара аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов студент жігіттің анасы Анар Шакуроваға алғыс хат табыс етіп, ұлына белсенді азаматтық ұстанымы және адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірді.

Қазір Темірлан Ақтөбе қаласында. Ол медициналық колледждің үшінші курсында оқиды.





Жоғары қарай