Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ауылым – алтын тұғырым» шығармалар конкурсы басталды

2021 жылдың 2 наурыз 2021 04:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Мәдениет порталы» бірлесіп «Ауылым – алтын тұғырым» дәстүрлі әдеби онлайн конкурсын жариялайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конкурсқа 17-45 жас аралығындағы қаламгерлер өз шығармаларын ұсына алады. Ал «Ауыл тақырыбына арналған үздік драматургия» аталымына шығарма ұсынатын қаламгерлердің жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.

«Әдеби байқауға қатысқысы келетін кез келген қаламгер өз шығармасын «Мәдениет порталына» онлайн тіркеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін үміткерлер тіркеліп, конкурсқа ұсынылған шығармалары мен жеке мәліметін порталда көрсетілген «Шығарманы қосу» батырмасы арқылы орналастыра алады. Шығармалар онлайн түрде 2021 жылдың 1 қарашасына дейін жіберілуі тиіс», - деп хабарлады Мәдениет порталы.

Биылғы «Ауылым – алтын тұғырым» байқауының ерекшелігі – орыс тілінде жазылған шығармалар да қабылданады. Бір айта келерлігі, барлық шығармалар бұған дейін басқа конкурстарға ұсынылмауы керек.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесінің иегеріне қосымша 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Конкурсқа қатысқан шығармалар кітап болып шығарылады. Конкурстың басқа да шарттарын «Мәдениет порталындағы» ережесінен оқуға болады.

Жеңімпаздарды марапаттау 2021 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді. Салтанатты шараның нақты уақыты мен өтетін орны қосымша хабарланады», - дейді портал.

Еске сала кетсек, биыл «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына «Балаларға арналған ең үздік әдеби шығарма» номинациясы қосылды.



Жоғары қарай