Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауылдық өкілдік орган жұмысы: Кеңестің міндеттері қандай

2021 жылдың 23 тамыз 2021 17:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов ауылдық өкілдік орган – «Кеңестің» жұмыс бағыты туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2024 жылдан бастап ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастық жиналыстары ауылдық өкілдік орган – Кеңес болып қайта құрылатынына тоқталған ол, Кеңестің қызметі әкім аппаратымен (жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі) қамтамасыз етілетінін жеткізді.

«Кеңестің мүшелері мен төрағасы болады. Ал мүшелер саны мен басқа да мәселелер жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамада айқындалады. Бұл құжат алдағы жылы әзірленеді», - деді Қ. Нығметов.

Оның айтуынша, Кеңес мүшелері жергілікті тұрғындардың жиыны арқылы тіркелей сайланады.

«Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетін орындауды бекіту және бақылау өкілеттіктері беріледі. Сонымен қатар, Кеңес елді мекенді абаттандыру мен тазалық, көшедегі сауда, қызметтерге тарифтерді бекіту, ауылдық деңгейдегі салық мөлшерлемелерінің көлемін реттеу мәселелерін қарайды. Ауылдық округ әкімі Кеңес шешімдерін орындауды ұйымдастыру қадамдары мен алға қойылған міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді», - деді Қайсар Нығметов.

«Мұнымен қоса, ауылдық округ әкімі Кеңес алдындағы өзіне жүктелген қызметті жүзеге асыруда жауапкершілікті алады. Өз кезегінде сайланған әкім атқарылған жұмыс үшін халық алдында есеп береді. Менің ойымша, Кеңестің құрылуы өзін-өзі басқарудың жергілікті деңгейін қалыптастыру үшін база болады, яғни бұл қадамдар азаматтарға неғұрлым жақын болу тұрғысында назарға алынған. Осы арқылы, тұрғындардың шешім қабылдауға жұмылдырылуы басқару сапасын өзгертіп, азаматтық белсендікті арттырып, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашық болуын ескеріп отыр», - деді сарапшы.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Экономика, Бюджет, Қоғам,
Жоғары қарай