Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ауылдағы салауатты өмір: Туған жеріне жанашыр жастардың бастамасы қалай жүзеге асты

2022 жылдың 9 ақпан 2022 13:11

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Еліміздің шағын ауылдарында жастардың бос уақытын өткізуге арналған жаңа орындар ашылып жатыр. Өздерінің туған жеріндегі өмірді өзгертуге тырысқан қоғам белсенділері түрлі бастамаларды ұсынуға тырысады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қызылорда облысы М.Шәменов атындағы ауыл тұрғындарының «Салауатты ауыл» атты жаңа спорт орталығын қалай ашқаны жайлы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа нысан ашу бастамасын Сәтбай Серәліұлы, Исатай Ербатыр, Нарбота Серәлі бастаған топ жүзеге асырған.

Жігіттерге бастаманы жүзеге асыруға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша бөлінген шағын грант көмектесті.

«Спорт орталығының немесе клубтың пайда болуын біздің ауылдың бүкіл тұрғындары армандады. Біз оны ашқан кезде, мұндай оқиғаға барлығының қаншалықты қуанғанын байқадық. Өйткені, бізде бұдан бұрын жастардың бос уақытын өткізетін жері жоқ еді. Сонымен қатар, біз өскелең ұрпақтың уақытты пайдалы өткізгенін қалаймыз, олар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанса дейміз. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алатыны белгілі. Ауылда тұратын жастар да бұдан тыс қалмауы керек. Біз жас ұрпақтың дұрыс жолды таңдағанын қалаймыз», - дейді Сәтбай Серәліұлы.




Жастар өздерінің үлгісімен ауылдастарына бүгінгі таңда мақсатты жүзеге асыру үшін ниет пен табандылық жеткілікті екенін көрсетті.

Өткен жылы Қазақстанда «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы іске асырылған болатын.

Жоба аясындағы барлық үздік бастамалар грант қолдауының арқасында жүзеге асты.

Осындай жобалардың бірі – Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан «Салауатты ауыл» жобасы.




Спорт орталығына кіру тегін. Барлық тұрғындар бұл жобаның пайдалылығын бағалап үлгерді. Жаңа ұйымға әр түрлі жастағы адамдар келеді. Өйткені, мұнда спортпен шұғылдану үшін қажетті жабдықтар бар. 500 мың теңге ұтып алған бастамашыл топ үстел теннисіне арналған жабдықты, қабырғаға ілінетін турниктерді, арнайы жаттығу жабдықтарын, бокс қолғаптарын және басқа да қажетті керек-жарағын сатып алды.

Сәтбай Серәліұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, орталықта жастар арасында спорт жарыстары өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, 2021 жылы ауылдық жерлердегі өмірді жақсартуға бағытталған азаматтық бастамаларды дамыту үшін бүкіл ел бойынша 60 шағын грант берілген болатын.





Жоғары қарай