Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл тұрғынының ұрланған 25 қояны көршінің үйінен табылды - СҚО

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 03:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көршісінің қорасына түсіп, 25 қоянды қолды еткен ауыл тұрғыны иісшіл иттің көмегімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөліміне 28 қараша күні 67 жастағы ауыл тұрғыны жүгінген. Ол таңғы сағат 6.00 шамасында қорасындағы 25 қоянды орнынан таппаған.

Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы мен жедел-тергеу тобы келді. Олар үй қояндарының ұрланғанына көз жеткізгеннен кейін ұрыны анықтау үшін инспектор-кинолог Өмірсерік Бірімнің көмегімен Арамис атты итті қолданды.

Неміс овчаркасы полицейлерді 22 жастағы жігіт тұратын көрші үйге алып келді. Тәртіп сақшылары оның қорасынан ұрланған жануарларды тапты.

Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша тіркелді.

Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды. Ұрланған қояндар иесіне қайтарылды.

«Ұрлықтан келген жалпы шығын мөлшері - 75 мың теңге. Бұл –зейнеткер үшін айтарлықтай қаражат. Тұрғындарға айтарымыз: ұрыларға жем болмау үшін қора-қопсына мықты тиек пайдаланғаны жөн. Ал ұрлық жасалған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет. Бұл қылмысты «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік береді», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжанов.


Жоғары қарай