Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл партиясы: Малшылардың мәртебесін көтеру мәселесі – маңызды

2020 жылдың 2 желтоқсан 2020 22:16

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысуымен алқалы жиын өтіп, маңызды мәселелер талқыланды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары бас қосқан шарада өңірдегі жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын дамыту мәселелері сараланды. Басқосуға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов және бірқатар кооператив пен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Облыстағы агроөндіріс кешенінің дамуы мен тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасаған Қайрат Аманов аталған жобаның 5 бағыты бойынша 8,4 млрд. теңге несие қаражаты игеріліп, оның ішінде сенімді агент болып танылған «Тараз» ӘКК» АҚ-ы арқылы республикалық бюджеттен 7,2 млрд. теңге несие қаражаты 2,5 пайызбен 2489 өтінім бойынша қаржыландырылғанын жеткізді. Соның нәтижесінде облыста жұмыссыздар саны 48 пайызға азайып, жаңадан 589 жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары да кеми түскен.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде іске асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының тиімділігін ескере отырып, одан әрі жалғастыру үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне жобаның екінші кезеңіне қосымша 11,5 млрд. теңге қаражат бөлуге сұраныс берілген.

Жиын барысында партия облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов аймақта бал арасы шаруашылығын дамыту туралы бастама көтерді. Қазіргі күнде өңірдің әрбір аймағында жекелеген азаматтар осы шарушылықпен айналысып жүргенімен, оларға басқарма тарапынан нақты қолдаулар жоқтығын тілге тиек етті. Ал, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бұл мәселе енді қолға алынып жатқанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта 20 омарташыны оқытып жатырмыз. Жуырда ғана олардың басын қосатын бал арасы шаруашылығы қауымдастығы құрылды. Тіпті бір азамат осы мақсатта жоба қорғап, 5 млн теңге көлемінде грант жеңіп алды», - деді Берік Болатұлы.

Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының өкілдері қант қызылшасының ұрығын шет елден қымбат бағамен алуға мәжбүр болып отырғанын айтты. Басқосуда мал шаруашылығын жүйелі дамыту тетіктеріндегі кейбір мәселелер де қозғалды десек, солардың бірі ретінде малшылардың мәртебесін көтеру туралы ұсыныс айтылғанын айрықша атауға болады.

Жиынды қорытындылаған «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов ел экономикасын көтеру үшін ауылды, елді мекендерді дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Ауылды көркейту үшін шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөліну қажет. Сонымен қатар, маман даярлау мәселесі де шешімін таппай отырғанын көріп отырмыз. Осыны шешу жолында жүйелі, кешенді жұмыстар жүргізілуі керек», - деді ол.

Жоғары қарай