Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ауыл мектептеріне заманауи жабдықтар орнатылады

2022 жылдың 20 мамыр 2022 12:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үздік педагогтерді өңірлерге тартуға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы мәселесі бар екені де белгілі. Бұл қоғам тарапынан, сенаторлар тарапынан көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Осы алшақтықты жою үшін мектептерді модернизациялау жүргізілуде. Атап айтқанда бұл ауыл мектептерін білім сапасына тікелей ықпал ететін – пәндік кабинеттермен, кітапханалармен, интернетпен және мектеп жиһазымен жабдықтауға бағытталған. Өткен жылмен қосқанда биыл 2 мыңнан аса ауыл мектебі осындай жаңғыртудан өтеді (2025 жылға қарай 5000 мектеп)», - деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар ол мектептегі білімнің деңгейі ұстаздардың біліктілігімен де байланысты екенін атап өтті.

«Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үздік педагогтерді өңірлерге тартуға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бағдарламаға сәйкес білім сапасында алшақтық бар өңірлерге (Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Алматы облыстары) баратын, іріктеуден өткен педагогтерге үстемақы төленетін болады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.


Жоғары қарай