Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл мәртебесі берілетін қалаларда бюджет қызметкерлерінің айлығы өседі

2020 жылдың 28 қазан 2020 17:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова аудандық маңызы бар қалаларға ауыл мәртебесін берудің арқасында ауылдың бюджеттік қызметкерлерінің айлығы көбейетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова Парламент Мәжілісінде «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Заң жобасына сәйкес еліміздегі 13 аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі беріледі.

Заң жобасын талқылау барысында Амангелді Дәуренбаев бұл өзгерістерден тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағынан не ұтатынын сұрады. Өз кезегінде Әлия Сапарова аудандық маңызы бар қалалардың (кейін ауыл мәртебесіне өзгеретін) қазіргі тұрғындары қандай артықшылыққа ие болатынын нақты айтып берді.

«Аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі берілсе біріншіден ауылдарда еңбек ететін денсаулық сақтау, мәдениет, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт саласындағы қызметкерлердің жалақысына 25 пайыздық үстемеақы қосылады. Екіншіден ауылдағы мектептердің түлектеріне оқуға түсу үшін қабылдау квотасы қарастырылған. Сондай-ақ айта кетерлігі, осындай бағдарламалардың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды елдімекендерге келіп жатқан жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда оларға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие беріледі», - деді ол.

Әйтсе де, өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов аудандық маңызы бар қалаларға ауыл мәртебесін беру мәселесі тек тұрғындардың жиыны арқылы шешілетінін, яғни сондағы халықтың пікірі ескерілетінін мәлімдеді.


Жоғары қарай