Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл - ел бесігі: Қызылорда облысында 3 жылда 173 жоба жүзеге асырылды

2021 жылдың 29 қазан 2021 21:19

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 11 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен танысты.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге жоба аясында даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Сол арқылы облыста 103 перспективалы ауыл нақтыланды. Бұл бағытта 82 жоба қолға алынып, 53 тірек ауыл және 50 спутник елді мекен айқындалған.

Алдымен министр Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіндегі бағдарлама аясында жөндеуден өтіп жатқан А.Иманов көшесіндегі жұмыстарды көрді. Көшенің ұзындығы - 1,56 шақырым. Жаяу жүргіншілер жолы, бордюр және 3 шақырымға жететін суағар қоса салынуда. Құрылыс тамыз айында басталған. Ол қарашада аяқталады деп жоспарлануда.

Ауданда бағдарлама аясында қолға алынған жобаның бірі – орталық стадионға күрделі жөндеу. Бұл нысан жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде. Алаңды жөндеу барысында 7,5 мың шаршы метрге жасанды көгал төсеу қарастырылған.

Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында да атқарылған жұмыстар баршылық. Биыл ауылда 11 жоба іске асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесіндегі жөндеу барысында ұзындығы бір шақырымнан асатын даңғыл жол заманауи талаптарға сай төселген. Осы елді мекендегі №118 орта мектебінің есік-терезелері, едені толық ауыстырылған. Сыртқы қабырғасы металл сайдингпен қапталып, су, кәріз жүйелері, электр желілері жаңартылған. Сондай-ақ, ауылдағы дәрігерлік амбулатория мен орталық алаңды жаңғырту, Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жыл соңында пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, ауданда «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев ауыл халқына мешіт ғимаратын жөндеу, бөбекжайды қайта жаңғырту, спорт кешенін салу, ет өндеу цехының құрылысын салу, округтегі көшелерді жарықтандыру ісін өз қаражаты есебінен жүргізіп, ауылға қомақты инвестиция салған.

Министр аталған мемлекеттік бағдарламаның облыста орындалуы жөніндегі арнайы отырысқа қатысты.

«Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасының орындалу барысына назар аударып келеміз. Осы бағытта Қызылорда облысында жолдарды күрделі жөндеу, дәрігерлік амбулатория мен оқушыларға арналған мектептер салу елді мекендердегі тұрғындардың жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Сапар барысында Қызылорда облысындағы мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті жеке кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамаларын көрдім. Бұл – өте құптарлық нәрсе. Мәселен, Таң ауылында жанашыр азаматтар өз қаражатын ауылды көркейтуде жақсы тәжірибені іске асырып келеді. Алдағы уақытта мұндай кәсіпкерлерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыруды ұсынамыз», - деді министр Серік Шәпкенов.

Жиында Гүлшара Әбдіқалықова жобаларды қаржыландыру жоспары бойынша игеру мәселесін көтерді. Құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі мердігер компанияның жауапкершілігінде екенін атап өтті. Жыл аяғына дейін бұл бағытта бірқатар жоба аяқталады.







Атап өту керек, бұған дейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тірек ауылдар желісін арттырып, туған елді көркейтуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламадан бөлек, ауылды дамытуды көздейтін жаңа бастамаларды қолдауға шақырған болатын. Соның нәтижесінде өңірде өз қаражатына ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, әлеуметтік нысандарын жаңартуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қатары артты.

Еске салайық, аталған бағдарлама бойынша 3 жыл ішінде облыста құны 11 миллиард теңгеден асатын 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2019 жылы 31 жоба арқылы 54 адам жұмыспен қамтылса, 2020 жылы өңірдің 8 елді мекенінде құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба іске асқан. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары атаған бағдарлама бойынша 955 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға қысқарды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысының тәжірибесі өңірлерге таныстырылды.
































Жоғары қарай