Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ауыл - ел бесігі»: Алғашқы нәтижелер, алдағы жоспарлар мен міндеттер

2021 жылдың 19 қазан 2021 12:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдан бастап елімізде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес «Ауыл - ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Инфрақұрылымды жаңғырту есебінен оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне жеткізе отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруды мақсат тұтқан жоба аясында 3,5 мыңнан астам перспективалы ауыл таңдап алынды.

Нақтырақ айтқанда 1 173 тірек және 2 388 спутниктік ауыл іріктелді. Оларда еліміздегі ауыл халқының 90 пайызға жуығы тұрады. Жобаны іске асыру мақсатында ауылдардың әлеуетін анықтау әдістемесі өзектендіріліп, оған сәйкес демография, инфрақұрылым, экономика және геокеңістіктік жағдай бойынша ауылдардың әлеуеті айқындалды. Ауылдық елді мекендерді дамыту үшін инфрақұрылымға инвестиция салу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй салу мен жаңарту іс-шаралары қабылданды. Бүгінде бұл жобаның алғашқы нәтижелері де жаман емес. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында егжей-тегжейлі айтылды.

Алғашқы нәтижелер...

Үкімет отырысында аталған жоба жайлы егжей-тегжейлі баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министр Әсет Ерғалиевтың деректеріне қарағанда, 2019-2020 жылдары қолданыстағы барлық бағдарламалардың арқасында ауылдық жерлерде жалпы сомасы 618 млрд теңге болатын 12 мыңнан астам жоба іске асырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 5,2 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған 1 225 жоба орындалды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту саласында 2 218 жоба жүзеге асты. 1 213 мектеп пен балабақша, 234 фельдшерлік пункт, амбулаториялар мен емханалар, 596 клуб, мәдениет үйлері мен кітапханалар, 175 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары cалынып, жөнделді. Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында 8 580 жобаны іске асыру нәтижесінде 9 мың шақырым кент ішіндегі жолдар жаңғыртылды.

«Осы жылы іске асырылып жатқан бағдарламалар аясында 566 млрд теңге сомасына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 6,5 мың жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 2,5 мың шақырым инженерлік желілер және 5 мың шақырым кент ішіндегі жолдар жаңғыртылатын болады. 632 мектеп пен балабақшар, 70 денсаулық сақтау нысаны, 300 мәдениет үйі, клубтар мен кітапханалар, 96 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт залдары салынады және жөнделеді», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның атап өтуінше, биыл «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 480 ауылды дамытуға 106 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қазанына қаржыландыру жоспарына сәйкес игерілгені 96 пайызды құрайды.

«Бүгінде кейбір өңірлерде аяқталған жобалардың үлгілері бар. Мәселен, Қостанай облысының Ұзынкөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.Павлодар облысының Қызылжар ауылында ауысымына 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қызылорда облысында Жалағаш ауылындағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жамбыл облысында Айша-бибі ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы, 2019-2021 жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша және жеке инвестициялар есебінен ауылдық аумақтарды дамытуға 1,2 трлн теңге бағытталды», - деді ол.

Алдағы 4 жылда ауыл тұрғындарының әл-ауқаты қалай артады?

Жоба алдағы 4 жыл бойы жалғасын таппақ. Ол үшін 1,3 трлн теңге қаражат та көзделген. Тек «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ғана 670 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражатпен 2025 жылға дейін даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл қамтылады. Жалпы, ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі кешенді тәсіл 2025 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл халқы сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтылады. Жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік барлық ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болады. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы жағдайда болады. 12 мың шақырым инженерлік желілер салынады және жаңғыртылады. 10 мың шақырым кент ішіндегі жолдар салынатын және жөндеумен қамтылады», - деді министр.

Оның айтуынша, білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру аясында ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарланған.

Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз қамтылатын болады. Барлық ауыл мектептері білікті педагогтармен қамтамасыз етіледі. 1 095 нысан салу және жаңғырту ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесі қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауылда спортпен айналысу және шығармашылықты дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 1 719 спорт және 1,5 мың мәдениет нысаны салынып, жаңғыртылады.

Ал алдағы 4 жылдың ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласында 4,5 трлн теңге сомасына 934 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. 600 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға тарту 70 мың отбасылық шаруашылық құруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Қайта өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға дейін жеткізіліп, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 2 есеге ұлғайтылады.

«7 ірі жүйенің экожүйесін қалыптастыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру қамтамасыз етіледі. 500 мың жұмыс орны құрылады. «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ете отырып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін береді», - деді ол.

Өңір әкімдерінің есебі

Отырыс барысында Павлодар, Қостанай және Алматы облыстарының әкімдеріне де сөз кезегі тиіп, олар өздері басшылық жасайтын өңірлерде «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылуы жайында есеп берді. Мәселен, алғаш болып сөз кезегі тиген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 2019 жылдан бері өңірге қарасты 42 ауылда 8,7 млрд теңгеге 136 нысан жаңартылғанын айтады. Бұл ауылдарда 94 мың немесе облыстыңбарлық ауыл тұрғындарының 42,5 пайызы тұрады.

«Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» мынадай іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді: 20 мектеп, 3 балабақша, 1 ойын-сауық орталығы және 2 спорт нысаны жөнделді. 4 мәдениет үйі салынып, 9 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Екі аудандық аурухана және дәрігерлік амбулатория жөнделді. 13 ауылда толық көлемді футбол алаңы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, хоккей корты, спорт алаңы салынып, жарықтандыру жүргізілді. 38 ауылда 167 шақырым ауылішілік жолға асфальт төселді. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» 25 мың адам тұратын 22 ауылда іске асырылып жатыр. Осы жылға 5 млрд теңгеге жоспарланған 70 жобаның 49-ы аяқталды. Игерілген қаржы 3,4 млрд теңге. 13 жобаның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Қалған 8 жобаны қараша аяқтау көзделген», - деді облыс басшысы.

Оның атап өтуінше, «Ауыл – ел бесігі» жобасы елімізге жүзеге асырылып жатқан бағдарламалармен де ұштастырып, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Мәселен, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жылда ауыз сумен облыстың 95 ауылы немесе 95 мың тұрғын қамтамасыз етілген. Яғни, өңірдегі ауыл тұрғындарының 93,9 пайызы сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. Өңір 2024 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді жоспарлаған. Ал «Жұмыспен қамту» жол картасы арқылы 43 ауылда 8,9 млрд теңгеге 59 жоба іске асырылды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы өңірге 11 мың адам қоныстанып, 1 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау алды. Оларға 2,7 млрд теңгеге 5 301 грант берілді. Ауылдардың 97 пайызы ұялы байланысмен, 96,3 пайызы интернетпен қамтылған.

Ал Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің дерегінше, өңірдегі 526 ауылда 360 мыңнан астам тұрады. Бұл облыс халқының 42 пайыз құрайды. Олардың ішінде даму әлеуеті бар 258 ауыл анықталған.

«Облысымызда 192 жобаны іске асыруға 14,4 млрд теңге бағытталды. Жаңа нысандар 1 429 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар тек қана 2021 жылы басқа бағдарламаларды жергілікті бюджеттен ауылдарды кешенді дамыту үшін 18,7 млрд теңге жұмсалды. Бұған қоса, жеке инвестициялар есебінен 4,4 млрд теңге салынды. Биылғы 47 жобаның 37-сі аяқталды. Қалдандары бойынша жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 16 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу аяқталды», - деді өңір әкімі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов биыл халық саны 298 мың болатын 41 ауылдық елді мекенде 18,4 млрд теңгенің 55 жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтады. Оның ішінде 1 500 орынға арналған 3 мектеп, 5 мәдениет үйі және 13 әлеуметтік нысан бар. Мұнан бөлек, 124 шақырым жол, 59 су жүйесі жөнделіп жатыр.

«Барлық 55 жоба бойынша конкурстық рәсімдер өткізілді және жұмыс басталды. 4 жоба аяқталды. Мердігерлердің қатысуымен бірнеше кеңес өткізіп, нысандарды аралап отырамыз. Құрылыс барысын бақылаудамыз. Кейбір құрылыстардың жобалық-сметалық есептеулері өткеннен кейін қаражат мердігерге нақты орындалған жұмыс үшін аударылады. Сондықтан жыл соңына дейін бөлінген қаражат толығымен игеріледі, нысандар іске қосылады. Жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда тұр», - деді Амандық Баталов.

Премьер-министр тапсырмалары

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында жобаларды тапсыру мен бөлінген бюджет қаражатын игеру бойынша Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары жақсы серпін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол жыл соңына дейін 2,5 ай ғана қалғанын айта келе барлық әкімдіктерге, әсіресе, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстарына жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті. Сондай-ақ Асқар Мамин облыс әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді.

«Біріншіден, Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмысын тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді күшейтуді және де тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін», - деді Асқар Мамин.

Екіншіден, Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен және әкімдіктермен бірге ауылдық жерлерде кредит қаражатына сұраныстың ұлғаюын ескере отырып, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты қаржыландыруды, жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Үшінші. Ұлттық экономика, Индустрия, Энергетика, Денсаулық сақтау, Білім, Мәдениет министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірге барлық қажетті іс-шараларды қабылдап, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі нысаналы индикаторларға 2025 жылға қарай қол жеткізуді қамтамасыз етсін», - деген Премьер-Министр бұл тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауды орынбасары Роман Склярға жүктеді.


Жоғары қарай