Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ауыл – Ел бесігі»: Ақмола облысындағы үш елді мекенде 31 жоба жүзеге асырылды

2020 жылдың 29 қазан 2020 13:45

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Ауыл – Ел бесігі» аясында Ақмола облысының үш ауылында 31 жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Көкшетауда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Ақмола облыстық филиалы «Ұлттық құндылықтар – Ел болашағы» тақырыбында өткізген дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясы ұсынған «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасының» негізгі бағыттары талқыланған шараға Ақмола облысының мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ «Ауыл» ХДПП Саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Кездесуде өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің ұлттық құндылықтарды дамыту бағытындағы жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстары сараланады.

Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесінің басшысы Марал Жақыпованың айтуынша, өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру шеңберінде халық саны 21 мың адамнан асатын аудан орталықтары болып табылатын перспективті 3 ауылдық елді мекен іріктелді. Астраханка ауылы мен Аршалы кенті «Екатеринбор-Алматы» күре жолының бойында орналасқан болса, Зеренді ауылы туристік орталық болып саналады. Аталған ауылдарда 3,1 миллиард теңгеге 31 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде көлік инфрақұрылымы саласында 10 жоба, әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 12 жоба және 9 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында.

«Аршалы кентінде балалар шығармашылығы орталығы, №2 орта мектеп, «Светлячок» балабақшасы, су құбыры және жылу желілері (4 жоба), көшені жарықтандыру және көше-жол желісі жөнделді. Астраханка ауылында балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, №6 Агротехникалық колледжіне (4 жоба), шығармашылық үйіне, аудандық мәдениет үйіне, тротуарлар мен көше-жол желісіне жөндеу жүргізілді, сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңартылды. Зеренді ауылында көше-жол желісіне (7 жоба), мәдениет үйіне, су құбыры желілеріне жөндеу жүргізілді, орталық қазандықта қазандық агрегаттарын ауыстыру және орнату жұмыстары жасалды», - деді Марал Жақыпова.

Осы ретте, «Ауыл» ХДПП Саяси кеңесінің мүшесі Дәулеткерей Кәпұлы Ақмола облысында «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасының» негізгі бағыттары ойдағыдай жүзеге асырылып отырғандағын, алдағы уақытта әлі де біршама жұмыстар жүргізілу керектігін атап өтті.

«Елбасының «Рухани жаңғыруы» - ол қазақ халқы жоғалған түгендеп, кем-кетігін толтырып алсын деп қолға алынған бағдарламасы. Дегенмен, кейде оны науқанға айналдырып, рухани жаңғыруға қатысы жоқ шараларды өткізіп жатамыз. Бұл әрине, дұрыс емес. Осы ретте біздің «Ауыл» партиясы «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасының» негізгі бағыттарын ұсынып отыр. Бүгінгі біздің рухани құндылықтарымыз барлығы осы «Ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасында» көрсетілген. Соны насихаттап, ұрпағымыздың бойына сіңіру басты міндетіміз», - деді Дәулеткерей Кәпұлы.


Жоғары қарай