Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл әкімі сайланып қана қоймай, тұрғындар алдында бақылауда болады – Анар Байтүкенова

2021 жылдың 21 маусым 2021 11:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Осы Заң қабылданғаннан кейін не өзгереді? ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Байтүкеновамен осы мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік.

- Жақында қабылданған заңда бірқатар өзгерістер көзделген. Осы нормалардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталып өтсеңіз?

- Заң қабылданғанға дейін ауыл әкімдігіне кандидаттар ұсынуды аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысында келісетін болған. Сосын сайлауды мәслихат депутаттары жүзеге асырды.

Яғни, бұған дейінгі ауыл әкімдерін сайлау жанама түрде болды. Ал жаңа заң аясында сайлау әдісі өзгерді. Ауыл тұрғындары өз кандидатурасын ұсынып, ауыл әкімін тікелей өздері сайлай алады. Ал өзін-өзі ұсынған үміткер сол ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемінде 1% қолдауын алуы тиіс.

Өзін-өзі ұсынудың осындай тәртібі Президенттікке үміткерлер мен Парламент депутаттарына қатысты белгіленген. Сондай-ақ кандидаттар саяси партиялардан ұсынылады. Бұл жаңа норма сондай-ақ бәсекелестіктің және ауылдағы саяси белсенділіктің артуына алып келеді.

Бұл ретте кандидаттарды ұсынудың тағы бір тәсілі туралы айта кетейін. Мысалы, ауыл әкіміне кандидат ретінде ұсынатын мерзімінің соңына қарай ешқандай үміткерлер болмаса немесе бір ғана үміткер ұсынылған жағдайда, аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімі сайлауда балама кандидаттың болуын қамтамасыз етуі керек.

Ал бұл жерде айта кету керек, әкім өзі ұсынған үміткерлерді міндетті түрде жергілікті қоғамдастықтың жиналысында келісуі тиіс. Сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі бұрынғыдай төрт жыл болып қалады.

- Әкім лауазымына кім үміткер бола алады?

- Үміткер тұрақты тұратын жеріне қарамастан 25 жасқа толған кез келген Қазақстан Республикасының азаматы бола алады. Бұл ретте әкім мемлекеттік әкімшілік қызметші болып қала береді.

Демек, ол мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың барлық талаптарына сәйкес келуі тиіс. Яғни мемлекеттік қызметтің жалпы шектеулеріне – соттылыққа, еңбекке қабілетсіздікке және басқаларға ғана емес, сонымен қатар осы лауазымның біліктілік талаптарына да сәйкес келуі керек.

Тағы бір маңызды мәселе - азаматтарға жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары арқылы өздері сайлаған әкімнің өкілеттігін тоқтата алады.

Яғни, тұрғыдарға жергілікті қоғамдастық пен мәслихат арқылы әкімнің қызметін тоқтатуға бастама жасау мүмкіндігі беріліп отыр. Демек, бұл дегеніңіз ауылдық округ әкімі тек сайланып қана қоймай, өзін сайлаған қауымдастықтың алдында бақылауда болады.

– Биыл екінші жартыжылдықта аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімінің бірінші тікелей сайлауын өткізу жоспарланғанын білетін едік. Жалпы, ауыл әкімдерін сайлаудан не күту керек?

- Сайлау - қазіргі демократияның маңызды институты, халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін негізгі нысандарының бірі. Тікелей сайлау кезінде әкім өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілікті сезінеді, бұл оның жұмысының нәтижелеріне оң әсер етеді.

Сондықтан, бірінші кезекте, тікелей сайлауды енгізу азаматтардың өз ауылын басқаруға қатысу белсенділігін арттырады, сонымен қатар, әкім халықтың қажеттілігі мен проблемаларына бұрынғыдан да көбірек дәрежеде ден қойып, тұрғындар алдындағы оның жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, қазіргі уақытта ауылдық деңгейді айтпағанда, аудандық деңгейдің өзінде билік партиясынан басқаларының белсенділігі іс жүзінде мүлдем жоқ деуге тура келеді. Бұл заң, қазірдің өзінде, әр түрлі деңгейлерде және алаңдарда көпшіліктің назарын аударып, қызу пікірталас тудырды.

Мәжілісте заң жобасын талқылау барысында барлық ұсынылған партиялардың өкілдері заң жобасын талқылауға қатысты. Нәтижесінде әр партия өз кандидатурасын ұсыну мүмкіндігіне ие бола отырып, аудандық және ауылдық деңгейдегі жұмысын күшейтеді.

Бұл сайлауға қатысушылардың деңгейі мен бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді деп санаймыз.

Мемлекет басшысы 2024 жылдан бастап аудандық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлауын енгізуді тапсырғанын жеке айтқым келеді.

Осылайша жалпы тәжірибе жинақтала келе бұның бәрі Қазақстанның сайлау жүйесін одан әрі дамытудың маңызды негізіне айналады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.


Жоғары қарай