Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жергілікті өзін өзі басқару институтын дамытудың заңды қадамы – Зарема Шәукенова

2021 жылдың 30 маусым 2021 17:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл әкімдерін тікелей сайлау Қазақстандағы жергілікті өзін өзі басқару институтын дамыту жолындағы заңды қадам.

Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл әкімдерін тікелей сайлау Қазақстандағы жергілікті өзін өзі басқару институтын дамыту жолындағы заңды қадам саналады. Жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің кіріс бөлігін арттыру үшін Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген түзетулерге сәйкес, бюджеттің 4-деңгейіне салықтар мен төлемдердің 4 түрін қосымша беру көзделген. Олар: бірыңғай жер салығы, учаскелерді жалға алу, пайдалану немесе сату төлемдері. Осылайша, ауыл әкімдері тек қана басқарушылық емес, сонымен қатар жергілікті бюджетті бөлудегі жекелеген мәселелерде қаржылық дербестік алады», - деді Зарема Шәукенова.

Оның атап өтуінше, бұл өз кезегінде әкімдердің ауылдардағы сумен жабдықтау, жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру сынды өмірлік маңызды бар бірқатар мәселені шешудегі қызметінің тиімділігін арттыратын болады. Бұған қоса, сайланған әкімдердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артып, ауыл тұрмысын жақсартуға деген ынтасын арттырады.

«Қазақстандықтар, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары өздерінің сайлау құқықтарын белсенді пайдаланып, дауыс беру күнінде сайлау учаскелеріне белсенді келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар кандидаттармен, олардың сайлау штабтарымен кездесулерге белсенді қатысып, түрлі акцияларға, іс-шараларға араласып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды тыңғылықты қадағалап отыратын болады. Сайлауды байқау институтын дамытуға да бөлек тоқталып өткен жөн. Саяси партиялардың байқаушылары, сайлауға түсетін кандидаттар мен қоғамдық ұйымдар сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етеді. Мұнан бөлек, қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін семинарлар мен тренингтер өтіп жатыр. Комиссия мүшелерін оқыту курстарын өткізу сайлауды ұйымдастыруға жұмылдырылған тұлғалардың құзіретін арттыруға мүмкіндік береді және ауыл әкімдері сайлауын әділ өткізудің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», - деді институт директоры.


Жоғары қарай