Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әулиеата өңірінде халық саны 1 млн 100 мыңнан асты

2021 жылдың 22 шілде 2021 03:29

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейнеконференц-байланыс режимінде өткен кезекті аппараттық кеңесте ұлттық халық санағын ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің айтуынша, халық санағының дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өткен.

Интервьюерлер мекенжайларды, сондай-ақ онда тұратын халықтың нақты санын анықтау үшін әрбір елді мекенді аралаған. Алдын ала мәлімет бойынша, облыс халқының саны 1 120 293 адамды құраған.

1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тұрғындар санаққа қатысты барлық сұрақтарға sanaq.gov.kz мамандандырылған веб-сайты арқылы онлайн режимде жауап бере алады.

Дәстүрлі жаппай аралау 1-30 қазан аралығына жоспарланған және онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында жүрмек.

«Бірінші кезең барысында бірқатар өзекті мәселелер анықталды. Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарының кейбір елді мекендерінде ұялы байланыс сапасын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», - деді С. Мәдиев.

Ол Тараз қаласы және аудан әкімдіктері облыстық полиция департаментімен бірлесіп, интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында кейбір елді мекендердің атаулары әкімшілік-аумақтық объектілер жіктеуіші мен мекенжай тіркелімі бойынша сәйкес келмейді», - деп атап өтті С. Мәдиев.

Аймақ басшысы аталған үш аудан әкімдеріне осы мәселені шешуді тапсырды.

«Барлық елді мекендердің тізбесін өзектендіру қажет, оның ішінде қаланың саяжай алқаптарына, шалғай ауылдарға және шекара маңында орналасқан ауылдарға айрықша назар аударған жөн. Алдағы халық санағының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Халық санағы барысында алынған деректер әрбір тұрғынды мемлекеттік қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді және халық санағы туралы толық ақпаратты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жүйелі түрде жариялап отыруды тапсырды.


Жоғары қарай