Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда гуманитарлық хаб ұйымдастыру керек – Тоқаев

2021 жылдың 17 қыркүйек 2021 13:30

ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат – Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық хабын ұйымдастыру керек. Мұндай ұсынысты Душанбеде өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Ауғанстан болашағын өз-өзімен және өзінің көршілермен бейбіт өмір сүретін нағыз тәуелсіз әрі біртұтас мемлекет ретінде көреді. Осынау тағдыршешті тарихи сәтте Ауғанстанның көпұлтты халқы теңдессіз қиындықтармен бетпе-бет жалғыз қалмауы тиіс. ШЫҰ үлкен ықпалының арқасында бұл елдің бейбітшілік пен келісімге қол жеткізуінде белсенді рөл атқаруы тиіс деп санаймын. Ұжымдық күш-жігермен ғана қазіргі сын-тегеуіріндермен күресте өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан өз тарапынан Ауғанстаннан бақылаусыз көші-қонның орын алуының, деструктивті идеологияның, есірткінің таралуының жолын кесу үшін өңірлік серіктестерімен өзара іс-қимылды күшейтетіндігін баса айтты.

«Сонымен қатар Ауғанстан тап болған өзекті гуманитарлық және экономикалық проблемаларды шешу үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстанның қолданыстағы инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіншіліктерін ескере отырып, Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ-ның гуманитарлық хабын ұйымдастыруды ұсынамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай