Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аудандық және ауылдық деңгейлерде әкімшілік бөлудің жаңа стандарттары әзірленеді

2021 жылдың 16 тамыз 2021 17:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аудандық және ауылдық деңгейлерде әкімшілік бөлудің жаңа стандарттары әзірленеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Байтүкенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті деңгейде мәселелерді шешу үшін Тұжырымдама (2025 жылға дейінгі жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы) жобасында жергілікті бюджет шығыстарын ұтымды бөлуді арттыруға және коммуналдық меншік нысандарын тиімді пайдалануға бағытталған іс-шаралар көзделген. Бірінші - оңайлатылған тәртіппен тіркелмеген коммуналдық меншік нысандарын түгендеу және есепке қою. Екінші - ауылдық округ әкіміне Кеңеспен бірлесіп жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіне беруге жататын мүлік түрлерін айқындау құқығын беру. Үшінші, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік объектілерді жобалауға арналған шығыстарды азайту үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді», - деді департамент директоры.

Оның атап өтуінше, азаматтардың мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар көзделеді. Сонымен қатар жекелеген ірі ауылдардың және шағын қалалардың мәртебесі қайта қаралады.

«Осыған байланысты, аудандық және ауылдық деңгейлерде әкімшілік бөлудің жаңа стандарттары әзірленеді. Қалыптастырылған стандарттардың негізінде экономикалық, әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктерді ескере отырып, елді мекендерді біріктіру және ірілендіру, қайта бағындыру және олардың мәртебесін өзгерту жөнінде кешенді жұмыс жүргізіледі. Елді мекендердің шекаралары мен мәртебесіне қатысты барлық өзгерістер міндетті түрде жергілікті қоғамдастықпен келісілетін болады. Айтылған іс-шараларды сапалы іске асыру 2025 жылға қарай уақыт сын-қатерлеріне жауап беретін және «халық үніне құлақ асатын мемлекет« тұжырымдамасына сәйкес азаматтарымыздың мүдделерін толыққанды іске асыруға бағытталған жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Анар Байтүкенова.


Жоғары қарай