Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атыраулық волонтерлер үздіктер қатарынан көрінді

2019 жылдың 5 желтоқсан 2019 17:44

АТЫРАУ. ҚазАқпарат- Ұлттық волонтерлер желісі ұйымдастырған «Қазақстанның үздік еріктісі - 2019» сыйлығында атыраулық волонтерлер жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, аталған сыйлыққа еріктілердің өзінен де, олардың жұмысын реттейтін ұйымдардан да - барлығы 200-ден астам өтініш түскен.

Үздіктердің үздігі он аталым бойынша таңдалды. Осылайша, «Медицинадағы еріктілік» аталымындағы үш жеңімпаздың қатарында атыраулық Арман Қасымов та бар.

Арман Қасымов он жылдан астам уақыт Атырау жедел жәрдем бекетінде ерікті болып қызмет көрсетеді. Қолында шетелдік жоғары оқу орнының дипломы болғанына қарамастан, қатардағы ерікті-санитар болып бастады. Жедел жәрдем көліктерін жуды, дәрі-дәрмек қобдишаларын толтырды, зембілдерді көтерісіп, тіпті, кезекті бір жедел шақырту кезінде жүкті әйелді босандырып та алды.

Арман осы уақыт аралығында көптеген атыраулықтардың ерікті болуға деген құлшынысын оятты. Елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құралған алғашқы көмек көрсету еріктілер тобының құрылуына атсалысты.




Ал, «Корпоративті еріктілік» аталымында «Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасының жетекшісі Майя Шаменова үздіктер қатарынан көрінді.

«Ынтымақ» - 2012 жылдан бері «Теңізшевройлдың» қолдауымен жұмыс істеп келе жатқан ұйым. Ұйым мүшелері еріктіліктің бірнеше бағыты бойынша жұмыс істеп жүр. Оның ішінде қайырымдылық іс-шаралары, білім беру, әлеуметтік және экологиялық жобалар бар. Ағаш отырғызады, жоқ-жітікке көмек қолын созады, тіпті, қоқыс та жинайды. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын топ еріктілері қайраңға шығып қалған он мыңдай балық шабағын құтқарған болатын.




Айта кетелік, жеңімпаздар 11 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Еріктілер форумы - 2019» іс-шарасында ресми марапатталады.

Жоғары қарай