Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Атыраулық волонтерлер 80-нен астам зейнеткерге азық-түлік таратты

2020 жылдың 25 наурыз 2020 18:00

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атыраулық еріктілер жалғызбасты 82 зейнеткердің әрқайсысына 18 мың теңгенің азық-түлігін апарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Акция ұйымдастырушысы Жанар Ғилымованың айтуынша, мақсат –жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету. Олардың тізімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған.

«Біз тұрғындардан ерікті түрде жиналған 1,5 миллион теңгеге 3 тоннадан астам тауар сатып алдық. Содан соң жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік себетін дайындадық. Себетке сүт, жұмыртқа, күнбағыс майы, ұн, макарон, қант, консервіленген ет, түрлі жемістер секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер салынды. Бұған қоса, дәрі-дәрмектер мен еріктілер тіккен, бірнеше рет қолдануға болатын медициналық маскаларды жалғыз өзі тұратын 82 зейнеткердің үйіне жеткізіп бердік. Әр азық-түлік себетінің бағасы 18 мың теңгені құрады» -дейді еріктілер акциясының ұйымдастырушысы Жанат Ғилымова.

Акция кезінде еріктілер сақтық шараларына баса мән берді. Олар әр 2 сағат сайын медициналық маска мен арнайы қолғапты ауыстырды.

«Әр зейнеткерге азық-түлік жиынтығына қоса, коронавирустан сақтану үшін екі тілде жазылған жадынаманы ұсынуды жөн көрдік. Өйткені, егде жастағы адамдар да сақтық шараларынан хабардар болғаны жөн. Біз олардың үйіне әлеуметтік қызметкерлермен бірге бардық», - дейді акцияға қатысқан еріктінің бірі Динара Ерғалиева.


Жоғары қарай