Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Атырауға Ресейдің Астрахан облысынан 5 дәрігер келді

2020 жылдың 16 шілде 2020 15:10

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау облысына Ресейдің Астрахан облысынан дәрігерлер келіп, гуманитарлық жүк жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Атырауға бүгін, 16 шілдеде Астраханнан бес медицина қызметкері келді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ресейлік дәрігерлерге осындай қиын-қыстау кезеңде көмекке келгені үшін ризашылығын білдірді.

«Сіздерге және Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинге ерекше алғыс айтқым келеді. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлеріміз алдыңғы шепте аянбай еңбек етуде. Дегенмен, біразы қауіпті індетті жұқтырды, қалғаны індетпен күресу үстінде. Атқаратын жұмыс көп. Бізге сіздердің тәжірибе, білімдеріңіз бен біліктеріңіз қажет. Сондықтан бүгіннен бастап кірісетін жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Кездесуде астрахандық дәрігерлердің жұқпалы ауруларға арналған арнайы блокта тікелей КВИ жұқтырған науқастармен жұмыс істейтіндігі, сондықтан олардың әріптестеріне кеңес берумен шектелмей, инфекция жұқтырғандарды емдеуге тікелей қатысатыны, сондай-ақ, «қызыл аймаққа» кіретіндігі айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ресейлік дәрігерлер облыстық кардиологиялық орталық пен инфекциялық стационарда жұмыс істейтінін, қажет болса кей дәрігерлерді аудандарға жіберетінін айтты.

«Бізді өте жылы қабылдағандарыңызға рақмет. Толыққанды жұмыс жасауымыз үшін барлық жағдай жасалған. Енді біз әріптестерімізге коронавируспен күресте көмектесу үшін бар күшімізді салуға тырысамыз. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді астрахандық дәрігер Анна Чепель.

Еске сала кетейік, Астрахан облысының дәрігерлеріне жалақы, тұрғын үй, тамақ және көлікпен байланысты барлық қажетті жағдай жасалған.


Жоғары қарай