Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш қойылды

2020 жылдың 28 қараша 2020 15:32

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Әнұран авторларының бірі, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіш-мүсіні ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін – қазақтың көрнекті ақыны, Әнұран авторларының бірі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтің өмірге келген күні.

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын тірі болса, 85 жасқа толар еді. Алайда, бұл өмірде өзі болмаса да, қаламгердің есімі де, шығармашылық мұрасы да ұрпақ жадында жаңғырып келеді.




Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің айтуынша, Жұмекен Нәжімеденов – қазақ жастарының рухын көтерген ерен тұлға. Бұдан бес бұрын ақынның Атырау қаласында еңселі ескерткіші бой көтерді. Кейін №2 мектепке есімі берілді. Енді міне, сол мектептің алдында Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіш-мүсіні ашылды.

«Кеңестік өкімет 1956 жылы қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білген еді» дейді Ақылбек Рысқалиев.




Ескерткіш-мүсіннің ашылуына қоғам қайраткерлері Ғарифолла Есім, Сәрсенбай Еңсегенов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, қаламгердің шығармаларын зерттеп жүрген заңгер Марат Азбанбаев, қызы Айкен Жұмекенқызы, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақын аты берілген мектептің алдына ескерткіш-мүсінді орнатуға қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов ұсыныс білдірген екен. Ал туындыны жергілікті мүсінші Серік Мәтениязов жасаған.

«Жұмекен Нәжімеденовтің бейнесін сомдау оңай болған жоқ. Қиындықтар кездесті. Себебі, ақынның суреті көп болғанымен, бет пішінін нақты көрсететін сапалы фотолары біразға дейін табылмады. Кинопленкаға жазылған сюжеттер бар екен. Алайда, оны көру мүмкін болмады. Ақынның үлкен қызы Айкенмен хабарласып, сапалы фотоларын таптық. Қаламгердің інілері де образын сомдауда көп көмегін берді», - дейді мүсінші Серік Мәтениязов.




Қазір Нәжімеденов атындағы мектепте ақынға арналған мұражай ашылған. Онда ақынның тұтынған бұйымдары, қолжазбалары мен 7 томдық шығармалар жинағы қойылған. Мектептің педагог-ұйымдастырушысы Вера Миденованың айтуынша, мұражай былтыр жасақталған.

Сондай-ақ, көрнекті ақынның туғанына 85 жыл толуына арналған шара «Ж. Нәжімеденов және қазақ поэзиясының көркемдік даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференцияға ұласты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің құттықтауы оқылды.

Онлайн конференцияда «Жұлдызды Жұмекен» кітабының авторы Ғарифолла Есім, Мемлекеттік сыйлық иегері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, жазушы Мереке Құлкенов, ақын Есенғали Раушанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп пен Қытай, Түркия, Әзербайжан елдерінен белгілі профессорлар баяндама жасап, қазақ қаламгерінің шығармашылық, адами қырларына кеңінен тоқталды.





Автор Бек Мұстафа
Басты сөздер: Әдебиет, Атырау облысы,
Жоғары қарай