Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанды

2021 жылдың 11 қаңтар 2021 23:35

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда фельдшер жігіт жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қала маңындағы Еркінқала қала ауылынан шақырту түскен. Жедел жәрдем стансасының №25 бригадасы шақырту орнына 10 минутта жеткен.

Облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, бұл жағдай жаңа жыл мерекесі қарсаңында орын болған.

«Жедел жәрдем көлігінде болған фельдшер жүкті әйелдің жағдайын тексеріп, облыстық перинаталдық орталыққа апармақ болады. Бірақ жүкті ана сәбиін перзентханаға жетпей, жолда, жедел жәрдем көлігінде дүниеге әкелді. Одан кейін біздің мамандар ана мен нәрестені облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады. Бұл – жедел жәрдемде босанған 20 жастағы әйелдің екінші жүктілігі. Дүниеге келген ұл баланың салмағы 3 келіден асады, бойы – 48 сантиметр», - дейді Наргиз Баймолдаева.

Жүкті ананы босандыру кезінде міндетін кәсіби деңгейде сауатты атқарған фельдшер Мағжан Сүйінғалиевтың жасы – 26-да. Ол осымен төртінші рет жедел жәрдем көлігінде жүкті әйелді босандырған.

«Жүкті аналар дәрігерлермен кеңесіп, босану орталықтарына барғаны жөн. Дәрігердің бақылауымен алдын ала сынамалар тапсырып, қауіпсіз жағдайда босанудың баланың денсаулығын сақтау үшін маңызды зор», - дейді фельдшер.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында түске дейін 23 бала өмірге келгенін хабарлаған едік.


Жоғары қарай