Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Атырауда орманның 30 пайызы қурап, шалғындар тақырға айналды - сенатор

2019 жылдың 31 шілде 2019 21:58

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сенаторлар Жайық өзені айдынының экожүйесін сақтау жөніндегі семинарға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев, Ерболат Мұқаев және Сәрсенбай Еңсегенов Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында «Жайық өзені бассейнінің экологиясын сақтаудың бірлескен институттық жəне экономикалық тетіктері бойынша ұсыныстар дайындау жəне халықаралық тəжірибелерді зерттеу мəселелері» атты семинарға қатысты.





Парламент Сенатының депутаты әрі Орал өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі трансшекаралық комиссияның мүшесі Ғұмар Дүйсембаев өз сөзінде Атырау облысындағы суға қатысты күрделі жағдайды ерекше атап өтті.

«Атырау облысында 600 мыңнан астам тұрғын бар, дегенмен онда жерасты су көзі жоқ, кейбір елді мекендерде суды сағат бойынша береді. Мұндай жағдайда тіпті ауыл шаруашылығы туралы айту мүмкін емес. Онда орманның 30 пайызы қурап қалды, 5-6 метр тереңдікке дейін қазғанда су көріне бастайды, ағаш тамыры 2-3 метр тереңдіктен ылғал алады. Су жайылып кететін шалғындар тақырға айналды. Балықтың уылдырық шашатын 134 орны болған, қазір тек 10-ы ғана қалды. Жайық сағасы мен Каспийдің көпшілік жерінің тайыздығы 30 сантиметрге жетті. Бір кездері Жайық кеме жүзетін өзен болды, ал қазір жаяулап кешіп өтетін халге келдік», - деді Ғұмар Дүйсембаев.





Жайықтың Ресей аумағындағы жағдайы да оңып тұрған жоқ. Орынбордан келген ресейлік делегацияның өкілдері қала аумағындағы Жайық лайланып, балдыр басып бара жатқанын айтты. Ресейлік экологтардың дерегінше, өзеннің деңгейі жыл сайын төмендеп барады.

Семинар соңында «Біздің Жайық - наш Урал» қоғамдық экологиялық бірлестігі мен «Ресей экологиялық қоғамы» табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі жалпыресейлік қоғамдық ұйымы арасында табиғатты қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойылды.





Жоғары қарай