Ауа райы
Астана -28 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда оқушылар сабақ арасындағы үзілісте Абай әндерін шырқайды

2020 жылдың 25 қараша 2020 07:28

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда оқушылар үзілісте Абай әндерін шырқайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Мақат ауданындағы №2 бастауыш мектебінде ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында арнайы кабинет ашылған.

Мектептің дәлізіне караоке, 3 экран, 8 дыбыс зорайтқыш қойылған. Оқушылар үзіліс кезінде Абай әндерін шырқайды.

«Балалармен қарым-қатынас ашық диалог алаңына негізделіп отыр. Оқушылар арнайы жасақталған тақтаға бос уақытта немен айналысқысы келетіні туралы жазады. Балалар тарапынан түскен ұсыныстар негізінде мектеп дәлізіне караоке орнаттық. Бұл әдіс оқушылардың мектепте өздерін еркін сезінуіне ықпал етуде», - дейді Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектебінің директоры Руслан Баймұқашев.

Оның айтуынша, бастауыш мектепте дәстүрлі біліммен бірге оқушыларға ұлттық тәрбие беріледі. Осыған орай бірнеше кабинеттер ашылған.

«Мәселен, ұлттық тәрбие кабинеті халқымыздың дәстүріне, тарихына негізделген сабақтарға арналып отыр. Кабинетте қазақтың мақал-мәтелдері, ырым-тыйымдары ілінген. Ұлттық ойындар туралы танымдық материалдар да бар. Бұл кабинетте сынып жетекшілері оқушыларға ұлттық құндылықтар тұрғысында дәріс өткізеді»,-дейді мектеп директоры.

Сондай-ақ, мектепте өлкетану кабинеті де бар. Онда дәстүрлі сабақпен бірге, оқушыларға ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық, рухани дамуына үлес қосқан азаматтар, жалпы, өлке тарихы туралы ақпараттар беріледі.

«Мұнда оқушыларға энциклопедиялық деректер, өңірдің өнегелі азаматтар туралы жан-жақты мәліметтер беріледі. Ал, Абай кабинетінде ұлы ақынның шығармаларын насихаттаумен бірге, ол туралы тың деректер ұсынылады», - дейді Руслан Баймұқашев.

Мақат ауданындағы №2 бастауыш мектебі 80 оқушыға арналған. Қазір мұнда 203 оқушы оқиды.

Білім ордасында бастауыш сыныптардан бөлек, 37 шағын орталық, 22 мектепалды даярлық тобы жұмыс істейді.








Автор Бек Мұстафа
Басты сөздер: Атырау облысы, Білім, #Аbai175,
Жоғары қарай