Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда коронавирусқа шалдыққандардың тең жартысы ауруды той мен базарда жұқтырған

2021 жылдың 23 шілде 2021 02:03

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов эпидемиологиялық ахуалға қатысты кеңес өткізіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың мәліметінше, 25 маусымнан бері қауіпті вирусты жұқтырушылар саны артқан.

Мәселен, 1-21 шілде аралығында 5082 жағдай тіркелген.

«Өткен аптада науқастар саны 1,2 есе өскен. Қауіпті індеттің жұғу ошағы адам көп жиналатын орындар болып тұр. Науқастардың тең жартысы түнгі клубтар, тойлар, еске алу іс-шаралары мен сауда үйлері, базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында жұқтырған. Сондай-ақ, 23,8% – сырқатпен жақын қарым-қатынаста болғандар, 17,7% қоғамдық көлікте жұқтырған», - дейді Мәдениет Танауов.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың айтуынша, 2 632 орындық инфекциялық стационарларда 1170 науқас емделіп жатыр.

Мұндағы жүктеме 44,4%-ды құрап отыр. Ал, 113 төсек-орны бар жансақтау бөлімде емделіп жатқандар – 63 адам. Жансақтау бөліміндегі жүктеме 55,7% жеткен.

«Жыл басынан бері облысқа 141 200 доза вакцина жеткізіліп, 93% игерілген. Сондай-ақ, амбулаториялық емдеудің тиімділігін арттыру үшін мобильді бригадалар саны көбейтілді» -дейді Асхан Байдуәлиев.

Аудан әкімдерінің мәлім етуінше, науқастар санының толассыз артуына байланысты кейбір аудандарда инфекциялық төсек-орын жетіспеушілігі байқалған.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің пікірінше, коронавирус инфекциясымен ауыратындар санының артып, шырқау шегіне жететін кезеңі алда болатыны туралы болжамды ескеру керек.

«Осыған байланысты сақтық шараларын күшейткен жөн. Сала басшылары медициналық мекемелерді қажетті дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етуі тиіс. Қосымша инфекциялық төсек-орын ашу мүмкіндігін қарастырып, карантин талаптарының қатаң орындалуын қамтамасыз ету қажет. Тұрғындарға қызмет көрсететін барлық нысанды «Ashyq» бағдарламасымен қамтып, мобильді топтар жұмысының тиімділігін арттыру керек» -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар көбейгенін жазған едік.


Жоғары қарай