Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда көлік терезесін сындырып 2 млн теңге ұрлағандар ұсталды

2021 жылдың 15 қазан 2021 13:04

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көлік терезесін сындырып 2 млн теңге ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 12 қазанда сағат 13:31 шамасында болған.

«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына 35 жастағы тұрғын шағым түсірген. Арызданушының айтуынша, 12 қазанда сағат 12:50-13:25 аралығында белгісіз адам Kia Sportage маркалы автокөлігінің жүргізуші жақ терезесін сындырып, салоннан 2 млн теңге ақшасын ұрлап кеткен. Полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сол кезде Атырау қаласының аумағында орналасқан бейнебақылау камералары арқылы жәбірленуші көлігінің артынан Ваз-2114 маркалы көлігінің еріп жүргені анықталды. Алайда, аталған күдікке ілінген автокөліктің қала аумағынан шығып кеткен. Сол себептен, аудандарға бағыттама берілді» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері күдікті автокөлікті «Атырау-Индер» бағытындағы жолдың Жарсуат ауылының тұсында 132-шақырымда тоқтатқан.

«Көліктің рулінде 1977 жылғы жүргізуші болды. Онымен бірге болған 1974 және 1981 жылғы жолаушылардың жеке заттары тексерілді. ВАЗ-2114 автокөлігінің ішінен пакетке оралған 2 млн теңге табылды. Өзге көліктен ұрланған қаржы айғақ зат ретінде тәркіленді. Ұрлыққа қатысы бар күдіктілер Орал, Ақтөбе және Шымкент қалаларының тұрғындары екені белгілі болды» -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Ал, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдіктілердің өзге қылмыстарға қатысы анықталуда.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көлік терезесін сындырып, 6 млн теңгені ұрлап кеткенін жазған едік.


Жоғары қарай