Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Атырауда дәрі-дәрмек бағасын көтерген дәріхана лицензиясынан айырылады

2020 жылдың 6 шілде 2020 20:28

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында дәрі-дәрмек бағасын көтерген дәріхана жабылып, лицензиясынан айырылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, коронавируспен күрес жөніндегі өңірлік жедел штабтың төрағасы Нұрлан Таубаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше және бүгін аймаққа қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілді. Олардың алғашқы легі медициналық мекемелерге жіберілді. Енді ауруханаларда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың емделуін қамтамасыз ететін дәрілердің қоры жеткілікті. Ал, бүгін жеткізілген дәрілер ертең дәріханаларға таратылатын болады. Алдымыздағы аптаның бейсенбісінде тағы да дәрі-дәрмек қоры жеткізіледі деп күтілуде. Әкелінетін дәрі-дәрмектердің жалпы көлемі өңірдегі дәрі тапшылығы мәселесін шешеді», - деді Нұрлан Таубаев.

Оның айтуынша, арнайы мониторинг тобы дәріханалардың қызметін қадағалап, дәрі-дәрмек бағасы көтерілген жағдайда қатаң шаралар қолданады.

«Мемлекет басшысы қол қойған дәрі-дәрмек бағасын реттеу туралы заңда осындай норма бекітілген. Мониторинг тобы дәрілердің бағасын қадағалап отырады. Егер дәріханаларда дәрі құнының шекті бағадан асып кеткені анықталса, сол дәріханалар жабылып, лицензиясынан айыруға дейін қатаң шаралар қолданылады. Сондай-ақ, дәріхана басшылығына айыппұл салынады», - деді ол.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына тапшы дәрі-дәрмектер жеткізілген еді.



Автор Бек Мұстафа
Басты сөздер: Атырау облысы, Медицина,
Жоғары қарай