Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Атырау облысының әкімі түлектерге «Абайдың қара сөздері» туындысын тарту етті

2020 жылдың 7 маусым 2020 05:19

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мектеп бітірген түлектердің бір тобымен кездесіп, оларға «Абайдың қара сөздері» кітабын тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуге Атырау қаласында, аудандар мен ауылдарда тұратын 20-дан астам түлек қатысты. Олардың кейбірі кездесуге онлайн режимде қосылды. Түлектердің көпшілігі –әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сонымен қатар, көп балалы отбасынан шыққан, жетім немесе жартылай жетім түлектер. Барлығы да әр салада жетістікке жетіп, облыстық, республикалық, сондай-ақ, халықаралық олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орыннан көрінген жас дарындар.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов түлектермен емен-жарқын әңгімелесіп, арман-мақсаттарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мамандық таңдау мен жоғары білім алудың маңызына қатысты ақыл-кеңесін берді. Түлектер алдағы ҰБТ-ға дайындығы, таңдаған мамандықтары туралы әңгімелеп, қазіргі қоғамдағы мәселелерге орай пікірлерін білдірді.

Атырау қаласында орналасқан Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің түлегі Эльдар Құрмашев –мобильді қосымша жасап, «Жас өнер тапқыш» атанған дарынды жас. Енді ол болашағын ақпараттық технологиямен байланыстырғысы келеді.

«Қазір әлемде IT саласы қарқынды дамуда. Бірде-бір саланы осы технологиясыз елестету мүмкін емес. Жаһандық пандемия цифрландырудың маңызын тағы да дәлелдеп берді. Елімізде аталған салаға айрықша көңіл бөлініп отыр. Сондықтан, қазірден бастап жаңа технологияны меңгерудің маңызын ескеру керек. Бүгін мобильді қосымша жасасаң, ертең IT саласында адамзаттың игілігіне айналатын жаһандық деңгейдегі жаңалық ашарыңа сенемін. Арманыңа жет, Эльдар», -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әкім мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, олардың ұстаздарына алғысын білдірді. Кездесуді Атырау қаласының Амангелді атындағы орта мектебінің түлегі Айбек Кәрімов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен түйіндеді.

Жүздесуге қатысқан түлектер мен білімді шәкірттер тәрбиелеп, кәсіби бағыттағы жетістіктерімен танылған педагогтарға «Абайдың қара сөздері» кітабы табыс етілді. Ал, шараға онлайн режимде қатысқан түлектерге бұл сыйлық жеткізіліп беріледі.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық оқушы whatsapp мессенджерінің баламасын жасап шығарғанын жазған едік.


Жоғары қарай