Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Атырау облысында «Жасыл ел» еңбек жасағына 138 млн теңге бөлінді

2022 жылдың 20 мамыр 2022 05:47

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Ахметовтің айтуынша, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасын іске асыру бойынша жеңімпаз атанған «Жеті жарғы» қоғамдық қорымен келісімшарт жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасына 1 756 жасты жұмысқа тарту көзделіп отыр. Оларды көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс бағыттары бойынша уақытша маусымдық жұмысқа тарту мақсатында жергілікті бюджеттен 138 млн 700 мың теңге бөлінді. «Жасыл ел» жобасына тартылған жастарға 65 000 теңгеден еңбекақы төленеді. Арнаулы логотипі бар киім (футболка, бейсболка, күртеше) жабдықтарымен қамтамасыз етіледі», - дейді Алтынбек Ахметов.

Қазір еңбек жасағына қатысуға ынта білдірген 945 жас тіркелген. Оның ішінде, Атырау қаласынан - 95, Қызылқоға ауданынан - 305, Құрманғазыдан - 73, Жылыойдан - 38, Мақаттан - 116, Махамбеттен - 76, Индерден - 40, Исатай ауданынан - 232 жас бар.

«Бұл жобаға Атырау облысындағы жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің студенттері, жұмыссыз және NEET санатындағы, қала маңындағы, аудандардағы елді мекендерде тұратын жастар қамтылады. Еңбек жасағының жұмыс мерзімі 1 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. Квота толық қамтылғаннан кейін 16-29 жас аралығындағы 300 жас құрылыс жұмыстарына, өзгесі көгалдандыру және тазалық жұмыстарына бөлінеді. Әр жас тек 1 ай жұмыс істейді. Мәселен, 18 жасқа дейінгі жастарға - 36 сағат, 18 жастан асқандарға - 40 сағат жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Біздің мақсатымыз – жастарды қоқыс жинауға емес, табиғатқа жанашырлық танытуға үйрету», - дейді «Жеті жарғы» қоғамдық қорының директоры Абылай Құрметұлы.

Айтуынша, жоба аясында 1000 жеміс көшетін егу, Жайық өзенінің жағалауын қоқыстардан тазалау және балалар ойын алаңдарын қалпына келтіру сынды акциялар мен сенбіліктер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жастар саясаты мәселелеріне 224 млн теңге бөлінгенін хабарлаған едік.


Жоғары қарай