Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау облысында шетелдіктерді заңсыз елге кіргізгендер тергелуде

2021 жылдың 14 қазан 2021 14:40

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шетел азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырудың 2 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өңірде «Заңсыз мигрант-Кордон» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.

Оның барысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың 2 дерегі анықталған. Қазір аталған фактілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ рейд барысында құрылыс нысанында заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының 42 азаматы анықталды.

«Қазір шетелдіктер қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Соңғы үш күнде 386 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін сот шешімімен 7 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 98 азаматына қатысты халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны, ҚР заңнамасын бұза отырып шетелдік жұмыс күшін және көшіп келушілерді еңбекке тартқаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мәжбүрлеп шығару үшін арнайы қабылдау орнына алыс шетелден 3 азамат орналастырылды», - дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда шетелдіктер наубайханада заңсыз жұмыс істегенін хабарлаған болатынбыз.


Жоғары қарай