Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Атырау облысында полицияның сервистік моделі енгізілді

2022 жылдың 25 мамыр 2022 02:51

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында полицияның сервистік моделі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов өткізген жиында қылмыстың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың алдын алу, «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын енгізу мәселелері қаралды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық саны 4,1%-ға, ал, қылмыстар 4,4%-ға төмендеген.

«Алаяқтыққа қарсы іс-қимылды жандандыру бағытында бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс көлемінде тіркелген алаяқтық қылмыстың саны 28,8 пайызға төмендеді. Соңғы жылдары заманауи техникалық құралдарымен ғаламтордағы алаяқтық қылмысы кеңінен таралды. Ғаламтор арқылы жасалған алаяқтық қылмыстың үлесі 44,3 пайызды құрап отыр. Биылғы 25-27 сәуір аралығында облыс аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстардың жолын кесу, ашу мақсатында «Контрафакт» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара кезінде 15 алаяқтық қылмысы ашылды», -дейді Нұрхат Оразбаев.

Департамент басшысының орынбасары Берік Амангелдінің айтуынша, «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын енгізудің үш негізгі бағыты айқындалып отыр.

«Біріншісі – азаматтардың полицияға қолжетімділігін барынша жеңілдетуге бағытталған қадам. Екінші басты бағыт – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Үшіншіден, бұл – тұрғындармен тығыз байланыс. Себебі қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары, көбінесе, жергілікті маңызға ие. Оны тиімді шешу жергілікті қоғамдастықтың белсенді қолдауымен ғана мүмкін болады. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен жүйелі түрде кездесулер өткізеді», -деді Берік Амангелді.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, полицияның сервистік моделі жобасы тұрғындар қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталуы керек.

«Тұрғындар тарапынан түскен өтініш, өзге де мәселелер уақытылы шешілуі тиіс. Бұл – аталған жобаның басты бағыты. Қазір жобаға қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Негізгі бағыттар бойынша нақты жұмыстарды қолға алып, қауіпсіздікті күшейту қажет. Тұрғындармен тікелей байланысты күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жергілікті полиция қызметінің жұмысын жаңғыртуды жалғастыру керек. Әсіресе, жаяу жүргіншілер мен білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне баса көңіл бөлген жөн», -деді облыс әкімі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол ережесін бақылайтын мобильді қосымша іске қосылғанын жазған болатынбыз.

Автор Бек Мұстафа
Басты сөздер: Атырау облысы, Полиция,
Жоғары қарай