Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау облысында 2 мыңнан астам инфекциялық төсек-орын дайындалады

2020 жылдың 30 қазан 2020 00:40

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында коронавирус инфекциясы қайта өршіген жағдай үшін 2080 инфекциялық төсек-орынды дайындау мүмкіндігі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, оның ішінде 120 реанимациялық кереует болады. Сондай-ақ, қазір Атырауда модульдік типтегі 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталған. Енді аталған аурухананы медициналық құрылғылармен жабдықтау жүріп жатыр.

«Облыста ПТР-тестілеуді 3 мемлекеттік, 6 жекеменшік зертхана жүргізуде. Коронавирус инфекциясы басталғалы бері 320 419 ПТР-тест алынды. Соңғы аптада ПТР зерттеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 3152-ні құрап отыр.

Модульдік ауруханаға тағы бір ПТР-тест аппаратын қою жоспарлануда.

Жылыой ауданында салынып жатқан инфекциялық модульдік аурухана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, аймақтағы емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмектердің үш айлық қоры жасақталды» - дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның айтуынша, облыстың медициналық ұйымдары 3 МРТ, 11 компьютерлік томография, 81 УЗИ, 256 жасанды тыныс алу, 27 рентген аппараттарымен, сондай-ақ 977 оттегі генераторы мен 1341 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ералы Тоғжанов Атыраудағы коронавирустың екінші толқынына дайындықты тексерген болатын.


Жоғары қарай