Ауа райы
Астана -27 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 378.86
EUR 416.78
RUB 6.06
CNY 54.62

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасарына қандай айып тағылып отыр

2019 жылдың 3 қазан 2019 22:15

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау сотында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауоваға қандай айып тағылып отырғаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық №2 сотында аталмыш қылмыстық іске қатысты сот отырысы басталды. Істің фигуранттары ретінде облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова мен білім басқармасының бірқатар шенеунігі өтіп жатыр. Сот экс-шенеунікке қандай айып тағылып отырғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі 2 тармағы (қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу), 362-бабы 4-бөлігі 3 тармағы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану), 366-бабы 3-бөлігі 1 тармағы (қорқытып алу жолымен пара алу) бойынша айып тағылуда.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Атырауда облыстық білім басқармасының басшысы мен оның сыбайластары ұсталғаны хабарланған болатын. Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің мәліметінше, соттың шешімімен облыстық білім басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев пен оның орынбасары Роза Қабдолова, сондай-ақ Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы жанындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының бас бухгалтері Назымгүл Мәжітова екі айға қамалды.

Осы оқиғаның артынша Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова екі ай мерзімге уақытша оқшаулағышқа қамауға алынды. Н. Сайлауова 5 млн теңгеден астам пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, пара облыс әкімінің орынбасарына бес мектеп-интернаттың асханасына жиһаз жеткізуге келісімшарт жасау үшін берілген.

Жоғары қарай