Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Атбасарлық волонтерлер тыл ардагерлеріне көмектесуде - Ақмола облысы

2020 жылдың 18 наурыз 2020 19:00

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы Атбасар ауданының волонтерлері қарияларға көмек көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Целина» қоғамдық қорының еріктілері тыл ардагерлерінің үйіне барып, аулалары мен үй маңының қарын күреп, күл-қоқыстан тазартуда.

Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Осы күні елімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Әсіресе, өз бетімен қозғалуы қиын ардагерлерге қыста жер үй ауласындағы қарды күреп, су тасу қиынның қиыны. Мұндайда жастар мен еріктілер үнемі көмектесуге әзір. Бүгінгі күні Атбасар ауданында да біреудің көмегіне зәру тыл және ең ардагерлері бар. Сондай жандардың бірі – тыл ардагерлері ерлі-зайыпты Николай мен Люмила Руденконың отбасы. 95 және 88 жастағы қариялар кезінде тылда еңбек еткен. Екі ұл өсіріп, олар Ресейге қоныс аударған. Өздері қазіргі таңда Атбасарда тұрып жатыр.







«Целина» қоғамдық қоры директорының орынбасары Михаил Пелих бастаған еріктілер – Данил Панченко мен Мақсат Пелюшко аталмыш қариялардың үйіне барып, аулалары мен үй маңайының қарын күреп, күл-қоқыстан тазартуға көмектесті.




«Аға буынға қамқорлық жасау – жас ұрпақтың парызы. Біздегі еріктілер ардагерлерімізге қысқа отын дайындап, ауланы қардан тазартуды, дүкеннен керекті азық-түлік пен дәріханадан дәрі-дәрмегін алып келуді өздерінің міндеті санайды», - дейді Михаил Пелих.

Оның айтуынша, ауданда 100-ге жуық ерікті тіркелген болса, осы күні оның 20-сы белсенді жұмыс істеуде. Бұл еріктілер жыл басынан бері осындай төрт қарияның үйіне барып көмек көрсеткен. Сонымен қатар, мүгедек жандарға да ұдайы қол ұшын созып отырады.




Бұдан бөлек, аудан еріктілері дүниежүзіне тараған коронавирус жұқпасының өңірде тарап кетпесі үшін қолға алынған алдын алу шараларына үлес қосуда.


Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Ақмола облысы, Волонтер,
Жоғары қарай