Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Атаман Дутовты атқан кім? - Өңірлік баспасөзге шолу

2019 жылдың 3 наурыз 2019 09:50

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

* * *

«Жетісу» газетінің журналистері тек ұлттық киім кимекші




null

«Жетісу» газетінде тың бастама. Облыстық газет журналистері рухани-тағылымдық әрі ұлттық мән-мағынасы зор қадам жасапты: олар бұдан былай бірыңғай ұлттық киім киіп жүреді.

«Бұл бастаманың мақсаты - сырт киім үлгісімен ғана қазақ екенімізді көрсету емес, ұлтқа деген шексіз құрметтің бір белгісі десек те болады. Алатаудың ар жағындағы қырғыз ағайынның Парламентте ақ қалпақпен, өз ағам дейтін өзбек бауырлардың ала шапанмен жүретінін, тәжіктердің мектеп формасына дейін ұлттық киімге негізделгенін ескерсек, Ұлы дала перзенттері неге төл құндылығын мақтан тұтпасқа?!» деп жазады «Жетісу» газеті.

Осылайша ұлттық құндылықты ұлықтаған журналистер бұл бастаманың ең алдымен Ұлыстың ұлы күні - Наурызға деген ерекше құрмет екенін айтыпты. Әйтсе де «жаңа бастама Ұлыстың ұлы күнін 22 наурыз күні түске дейін киіз үй аралап, көже ішумен аяқтайтын көзбояу көрініске тосқауыл болмақ». «Жетісу» журналистері бұны басқа да әріптестерге ой салып, ары қарай жалғасын тапса деген сенім білдіріпті...

Түрмедегілерді кітаппен түзей аламыз ба? - «Оңтүстік Қазақстан» газеті




null

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкерлері «Кедергісіз кітап» атты әлеуметтік жобаны қолға алған екен. Жоба аясында кітапхана қызметкерлері ИЧ 167/ІІІ түзету мекемесінде болып, түрмедегілерге жылжымалы кітапхана бекетіе ашқан. Бұл ғана емес, сотталғандар үшін оңтүстік өңірге танымал ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылыпты. Айта кетерлігі, жылжымалы кітапханадағы кітаптар тиісті мерзімнен соң кітапханаға қайтарылады екен. Орнын басқа әдебиеттер толтырады.

Айта кетерлігі, жоба аясында жылжымалы кітапхана тек түрмеге ғана емес, мүгедектерді оңалту орталықтарында, Жасөспірімдер үйінде, Қарттар және Ардагерлер үйлерінде әскери бөлімдерде болмақ.

«Атаман Дутовты» атқан кім? - «Жаркент айнасы» газеті




null

«Жаркент айнасы» газетіндегі мақалада автор, мектептегі тарих пәнінің мұғалімі қызығушылық пен ізденіс арқасында Атаман Дутовтың көзін жою операциясына қатысты тың деректерді қопарады. Тың мәлімет демекші, автор Қали Ибрайымжанов әйгілі операция туралы бұрынғы кеңестік ақпарат құралдарында жарияланған дүниелер мен «Атаманның ақыры» фильміндегі жағдаяттар бір сарынды екенін, ал ауыл қарттарының әңгімелерінде «атаманның өлімі» жайлы мүлдем басқа мәселе айтылатынына назар аудартыпты. Жазуынша, осы арадағы айырмашылық жер мен көктей, өйткені, «бұның бірі қолдан жасалып бұрмаланған құпия болса, екіншісі сақтықпен айғайламай айтылатын, жасандылықтан ада нағыз салиқалы ақиқаттың өзі».

Мақалада атаман Дутов, оның әрекеттері мен сол замандағы жағдаяттар туралы қысқаша мәлімет беріледі. Сосын автор архив деректерінде сақталған және сол архив арқылы өзінің қолына түскен құпияларды ішіне бүккен дәптердегі жазуларға назар аудартады. Онда Курмаев Хамит Ильясұлының Дутов өлімі туралы М.Қожамяровтан естігені жазылыпты.

«Дутовтың өлімі» туралы З.Сабиров екеуі М.Ходжамьяровтың өз аузынан естіген, ол оқиға 1934 - 1935 жылдары аудандық партия комитетінің ұйғарымымен колхоздардың кіріс - шығысын тексеруге Надекке, ол кездегі атауы «Қызыл батрақ» колхозында кездескен. М.Ходжамьяровта МТС-тің кіріс - шығыс есебін тексеруге барған және екеуара жақсы қарым-қатынаста болған екен. Оны байқаған қасындағы бірге жұмыс жасайтын жолдастары Курмаев Хамит арқылы өтініш білдіріп «Дутовтың өлімі» жайлы Ходжамьяровтың өз аузынан естігілері келетінін айтқан. Неге десеңіз сол бір қанды оқиға жайында әркім әртүрлі айтатын, оның қайсысы өтірік, қаншасы шындық екенін айыру мүмкін емес-ті. Келісімін берген ол тек жұмыстан кейінгі уақытта, яғни түнгі 11.00-де бөлмесінде күтетін болды. Айтқан уақытта Курмаев Х, Сабиров З, және П.Ф.Ивановтар жиналып, «Атаман Дутов» жайлы хикаяның тірі куәгері М.Ходжамьяровтың әңгімесін тыңдауға отырады...».

Бұл қолжазбада операцияның қалай болғаны, тапсырмаға кімдердің қатысқаны тәптіштеліп айтылады. Деректе Қасымхан Чанышев атаманның көзін жоятын күні орта жолда қалатыны жазылған екен. «Ал тапсырманы орындауды мойындарына алған Мұқай батыр мен М.Ходжамьяров Дутовқа кіріп, Ходжамьяров Қасымхан жазып берген хатты оқып отырған атаманды атып өлтіреді де, Мұқай күзетшілердің көзін жойып, қуғыншыларды адастырып Иінтал арқылы Жаркентке аман-сау жетеді. Сол қанды оқиға орын алған мезетте Қ.Чанышев, И.Ушурбакиев екеуі Құлжа қаласындағы бай жездесі Фатихтың үйінде болады. Олар ертесі атаманның үйі орналасқан Сүйдін қаласына өздерінің сенімді тыңшыларын жіберіп, Дутовтың өзі жіберген чекистердің қолынан ажал құшқанына анық көздері жеткен соң ғана, 8 ақпан күні Жаркентке қайтып оралады».

Әйтсе де автор ойламаған жерден «атаманның» өліміне қатысты тағы бір тың дерекке тап болғанын алға тартады. Бұл дерек Жаркент өңіріндегі шежірешіл қария Жүнісов Тұрғанбек Әбдуәлиұлымен әңгіме барысында қозғалған екен. Ақсақал өз әкесі Әбдуәлидің «Мұқай батырдың өз аузынан естіген Дутов өлімі туралы хикаясын» айтып берген. Айтуынша, Әбдуәли мен Мұқай батыр жастайынан бірге өскен туыс, ағалы - інілі бауыр адамдар екен. Сол Мұқай батырдың өз аузымен Әбдуәлиге айтқаны былай боп шығады: Атаман Дутовтың көзін жою туралы құпия тапсырманы орындауға бес адам барыпты. Екеуі сыртта аттарды ұстап тұрған, оның бірі Мұқайдың інісі Көдек (кейбір мәліметтерде Көбек), үшеуі аулаға кірген. Біреуі есіктегі күзетшінің қасында қалып, Мұқай батыр мен М.Қожамяров кеңсенің ішіне тікелей Дутовтың өзіне кіреді. Себебі, Қ.Чанышев пен атаман арасын байланыстырушы жансызы болғандықтан, сырттай үнемі құпия тасырмамен суыт жүретін бұларды танып алған күзетшілер де жөнсіз тоқтатуға қаймығатын. Қасында адютанты бар атаман асқан сақтықпен қадала қараған қалпы, суық жүзбен қарсы алады. Қасымханның ауыр жарақат алып келе алмайтынын және бар жағдайды қысқаша баяндағаннан кейін, хат беріп жібергенін айтып Мұқай қойнынан шығарған қағазын ұсынады. Оны Дутов оқып болған соң, тағы «нең бар?» дегендей ишарат жасайды, тез түсіне қойып екінші хатты ұсынады, атаман өте сақ. Алдындағы үстел үстінде оқтаулы револьвер, екеуінің әр қимылын қалт жібермей бақылауда ұстаған. Екінші хаттан кейін атаманның сұрланған жүзі жылып, босаңсып қалған сәтін дөп басқан Мұқай батыр үшінші хатты алғандай сыңай танытып көз ілеспес жылдамдықпен қойнындағы оқтуалы наганын суырып алған бойда Дутовты атып салады, ал, Қожамяров адютантты атады, етпетінен құлаған атаманның қасына жетіп барған Мұқай дәлел ретінде оның екі погонын жұлып алып, далаға атып шығады, оқ дауысы шыға сала сол мезетте-ақ, даладағы үшінші адам есік алдындағы күзетшіні жайратып салған екен. Сыртта Қожамяров жоқ, Мұқай жанталасып ішке қайта кірсе, есі шыққаны сонша ол бөлмеде, екі қолымен басын ұстап алып түсініксіз бір сөздерді қайталап, сенделіп, айналып жүр екен. Қолтықтап алып сүйрелеген күйі аттарға жеткізіп, аяқ-қолында жан жоқ Қожамяровты белінен қапсыра құшақтап атқа мінгізген соң бірі жетекке алып, екіншісі қамшымен атты сабалап қаша жөнеледі. Олар екі көше айналғаннан кейін барып даурыққан қуғыншылардың айғайы мен ретсіз атылған мылтық дауысын естиді. Содан, адасып қалған қуғыншыларды артқа тастап, Қорғастан аман-есен өтіп, шекара асып Иінтал арқылы Жаркентке келеді. ЧК арнайы тыңшыларын жіберіп Дутовтың өлімі расталған соң ғана, Қ.Чанышевтың кепілдікте Жаркент абақтысында отырған туыстарын босатып, ал, Мұқай өзімен бірге әкелген екі погонды дәлел етіп, әрең дегенде ақталып шығыпты. Және де Мұқай батырдың «тағы бір айтқан сөзі» деді, қария алға қарай бір ұмсынып алып «әлгі Махмұт адам өлтіріп көрмеген екен, не онысын ертерек айтпапты қан көргенде үрейленіп, есі ауып қалды, әйтеуір әрең дегенде құдай сақтап бәрімізде аман оралдық-ау..» - деген екен»...

Мақалада мұнан басқа да Мұқай батырдың атаманды өлтірді деуге келетін қисынды деректер мен болжамдар топшаланады. Мұқай Жігітеков (Байсымақов) туралы да кеңірек мәліметтер беріледі. Ол туралы:

«1938 жылдары «халық жауы» деп ұсталатын болған соң амалсыздан шекара асып кеткен, кейін қапыда Қытайдың тұтқынына түсіп, арғы беттегі қазақтардың атақты ақыны Таңжарықпен (руы Қызай) абақтыда бірге отырған есіл ер, көп ұзамай Құлжа (кей деректе Үрімжі) түрмесінде қытайлардың қолынан көз жұмған. Таңжарық ақын кейін абақтыдан шыққанда «...екі рет сұраққа апарып қайтып әкелді, қатты қинағандары білініп тұр. Бірақ Мұқай батыр бойынан қорқу мен күйзеліс, өкініштің табын байқай алмадық. Нағыз арыстан жүректі оғлан екен, қытайларға титтей де жұмсақтық танытпай, асқақ, иілмеген қалпы үшінші рет сұраққа кетіп қайтып оралмады» деп көкірегі қарс айырыла айтқан сөзі бар екен»...

Қарқаралыдағы «Алтын адам» - ашылмаған құпия - «Орталық Қазақстан» газеті




null

«Орталық Қазақстан» газеті Қарқаралыдағы Қасым ауылының іргесінен табылған «Алтын адамның» әшекейлері туралы мақала жариялапты. Автор ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштің бөлшектерінен бірқатар ерекшеліктерді байқаған.

Мәселен автордың жазуынша, қорғандардан табылған 200-ге жуық алтын бұйым аң стилінде қалыпталған екен.

«Зер салып қарап отырса, аң стилі өрнектерінің кейбір элементтері бүгінгі біздің Елтаңбамызды еске салады. Кейбір сарқыншақтары ұлттық ою-өрнекке көшкен сияқты. Күні бүгінге дейін құпия, сыры ашыла қоймаған аңдық стильді біз ұмытуға айналдық. Себебі, оның бірде-бір белгісін тұрмыс-тіршілігімізге етене ілестіре алмадық. Алтын адам таптық, жаһанға жар салдық, аңдық стиль екенін айттық. Сөйттік те, музейлерге тығып тастадық. Содан бері елімізде қаншама сәулет нышандары бой көтерді. Ұлттық белгілеріміз соғылғаны аз. Жоқтың қасы. Ал, мына Арқадан шыққан «Алтын адам» бөлшектерін жекелеп қараса, нетүрлі тылсым ойға тартып, сиқырымен арбайды да тұрады. Ғалымдар «Есіктегі, сонау Ыстықкөлдегі, Қарқаралыдан табылған зергерлік бұйымдар жасаудағы қолөнер шеберлерінің кәсіби деңгейі, сюжетті сомдау үйлесімділігі, техникалық амал дары өте ұқсас» депті. Осы жерде мәселе тағы аңдық стильге барып тіреледі» дейді автор.

Мақалада Қасым ауылынан табылған «Алтын адамның» әшекейлердегі аң стилінің ерекшелігі тарихи-археологиялық тұрғыда қарастырылған болуы мүмкін екені айтыла келе, оның ою-өрнегінің қиюласуы, қалыпталу әдісі, турасында толыққанды ғылыми тұжырымдама жоқ екендігін алға тартады. «Тек аңдық стиль деген жалғыз ауыз термин бар». Осы ретте автор жалпы «аң стилі» өнерінің өзін нақты зерделеу керектігін, бұл өнердің құпиясын толық ашу қажеттігін айтады.

Өте балуан - «Сарыарқа самалы» газеті




null

«Қимадиден Нығыманов 1962 жылдан бастап Жақсыбай абыз, Естай туралы әңгімелер мен ел ішіндегі әдеби мұраларды жинап, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтына өткізген екен. Сол қолжазбалардың ішінен жақында Қимаш ақынның ауыл ақсақалы, ұста Салық Беласаровпен болған әңгіме желісінде құрылған Өте балуан Бәйтерекұлы туралы жәдігерді тауып оқу мүмкін болды» деп жазады «Сарыарқа самалы» газеті. Автор мақалада 1963 жылы ақпан айында Спартак совхозының (қазіргі Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Қараоба селолық округі) орталығында тұратын, ел тарихын таспалап айтатын, ел ішінде темірді қамырша илейтін өнеріне қарап «Қара Салық» атанған Салық Беласаровпен әңгімесін ақтарады. Мақалаға арқау болған Өте батыр да сол әңгімеден сақталған екен. Шежірелі қарияның Өте батыр туралы хикаясы оның өмірде болған адам екеніне күмән келтіргендей әсер қалдырады. Батырлығы, балуандығынан бөлек, өмірі де ақиқат өмірдегіге қарағанда аңызға көбірек келеді. Алайда автор ондай тұлғаның өмірде болғанын архив құжаттары арқылы да алға тартады.

Айтпақшы ақсақалдың әңгімесі бойынша Өте батыр патшаға қарсы шығып қуғын көріп, Бұқараға қашып тынады. Сол Бұқара жерінде Бабырахим сұлтанның қызына үйленеді екен. Өте балуанның моласы Бұқарада дейді.

«Егер Өте балуан 1842 жылға дейін болыстықта би қызметін атқарғанын ескерсек, ол осы көтерілістің құрамында болғаны даусыз. Себебі Ақтоғай ауданы аумағындағы Ертіс жиегіндегі елдерде отаршылдыққа қарсы басқа көтерілістер туралы деректер жоқ. Ең бастысы бұл Өте Бәйтерекұлын тек қана күрес майталманы емес, сонымен қатар туған жерді қорыған, отаршылдарға қарсы қимыл көрсеткен қайраткер деп атауға негіз болады» деп түйіндейді автор.

Қақпаншы қарт - «Сыр бойы» газеті




null

Газет тілшісіне өңірге есімі таныс қақпаншы Әділбек қарияның әңгімесін тыңдау мүмкіндігі бұйырыпты. Жасы 90-нан асқан қарияның әлі де қақпанға деген қызығушылығы жоғары екенін мақаладан да аңғарасың. Мәселен, қақпан құру туралы әңгіме болғанда қария былай депті: «...қазір болмайды ғой. Қазір ақтүтек борасын басталды ма сыртта? Жо-жоқ, қазір қақпан құруға болмайды. Бүгін айдың ортасы ма? Әлі он шақты күн бар. Қазір олар «үйленеді». Ондай тойдың шырқын қалай бұзасың. Көзіне түссең аямайды...». Қақпаншы қарт мұнда қасқырлар туралы айтып отырған екен. Оның сөзіне қарағанда, қасқырлар «үйленетін» немесе жұптасатын уақыты ақпан айының 17-сі мен 23-25-і аралығы екен.

Мақалада қарияның басынан кешкен қызықты хикаялары да баяндалады. Қасқыр туралы да мол мәліметтер беріледі.

Ескерткіштер хақында - «Қостанай таңы» газеті




null

«Өткен жылдар ішінде толық егемен ел болдық деп айта аламыз ба, әлде әлімсақтағы қағидамен ұлт араздығын тудырмаудың амалын іздеп, құндылығымызды танымай келеміз бе?!» деген сауалды көлденең тастаған «Қостанай таңы» газеті елдегі ескерткіштер мәселесін көтеріпті. Айта кетерлігі күні кеше ғана Парламентте депутат Косаревтің «Көсем Ленин ескерткіші қиратылып жатқан елде қалай өмір сүруге болады?» деген сөзіне біраз жұрт дүрліккен. Мақала авторы мұндай сөздің айтылуын бассыздық деп санайды.

«Әрине өткен тарихымызды жоққа шығарып, оған қатысты ескерткіштерді жасаған шеберлердің өнеріне көз жұмып қарамау керегін түсінуге болар. Дегенмен, жаңа заманның алдында самсатып қою көзге қораш көрінеді» деп жазады ол.

Мақалада көршілес Ресейдің өзінде Ленинге деген қоғам, соның ішінде жастар көзқарасы түбегейлі өзгеріп жатқаны, ал Украинада 2015 жылдан бері коммунистік кезең мұрасынан арылу шаралары заң аясында жүзеге асып келетіні айтылады. Айтпақшы автор Ұлыбритания премьері әйгілі Уинстон Черчилльдің Ленин туралы айтқан пікірін де келтіреді. Әлемге беделді саясаткер Ленин туралы былай депті: «Ол бәрінің тас-талқанын шығарды. Құдайды да, елді де, сотты да, ғасырлар бойғы заңдар мен дәстүрді де тас-талқан етті».

Осы ретте мақала авторы еліміздегі жағдайға да шолу жасайды.

«Ленин ескерткіші бұрынғыдай еліміздегі әр қалада дәл орталықтан орын алмағанымен, түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Оған қандай да бір әрекет қолдану тұрғысында біздегі зиялы қауым әлі күнге екіұдай пікірде деп айтуға болады» деген автор бірқатар сарапшылардың пікірін келтірген екен. Олардың арасында Ленин ескерткішін алып тастауға қарсылар да кездеседі.

Түйіндей келе автор, сәулет өнері шеберлерінің еңбегі тұрғысынан бағалағанда ескерткіштерді жойып жіберуге болмайтынын айтқанымен, алайда әлгі Ленин және сол секілділердің ескерткіштерін қоғамдық орындардан аластатып, жабық орындарда сақтау керек деген пікір білдіреді.

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Қоғам, БАҚ,
Жоғары қарай