Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Астанада ЖОО мен колледждің 200 түлегі пандемиямен күреске жұмылдырылды

2020 жылдың 11 шілде 2020 20:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда Астана медицина университеті мен медициналық колледждің 200-ден астам түлегі пандемия жағдайында жұмыс істеуді үйреніп, арнайы оқудан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазіргі уақытта олардың барлығы жұмысқа алынып, COVID-19-бен күреске атсалысып жатыр.

«Бүгінде тағы 120 түлек оқудан өтуде. Медицина университеті мен колледждің жалпы 500-ден астам түлегі COVID-19-бен күреске жұмылдырылатын болады. Оларды емханалар, ауруханалар, стационарлар мен жедел жәрдем станцияларына жібереміз. Бір бөлігі жұмысқа кірісіп те үлгерді.

COVID-19 науқастарын емдеуге арналған төсек-орындар санын көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Пандемия басталғалы жұқпалы аураулар төсек-орындары саны мыңнан 4 мыңға дейін ұлғайтылды. Осылайша, стационарлар саны 3-тен 14-ке дейін артты. Эпидемиологиялық ахуал күрделенуі мүмкін екені ескеріліп, тағы 1,5 мың орындық резерв дайындалды. Ол үшін арнайы жабдықталған 800 төсек-орын сатып алынады», - деп жазды А.Көлгінов Instagram-да.

Мәлім етілгендей, жақын арада өкпені жасанды желдететін 200 аппарат, 500 флуометр, 500 оттегі концентраторы, екі компьютерлік томограф жеткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов медициналық білім ұйымдарының ректорларымен түлектерді пандемиямен күреске тарту және жұмысқа орналастыру мәселесін талқылаған болатын.


Жоғары қарай