Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Астанада үй кезегінде тұрған 200-ге жуық отбасы баспаналы болды

2021 жылдың 30 желтоқсан 2021 14:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында кезекте тұрған тұрғындарға пәтер кілті табысталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қала басшысы Алта Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті.

«Жаңа жылды қала тұрғындарының бір бөлігі көптен күткен пәтерінде қарсы алады. Бүгін жылдар бойы кезекте тұрған елордалықтарға пәтер кілті табысталды. Олардың арасында жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектер, толық емес отбасылар, зейнеткерлер және т.б. бар.

Тұрғын үй кешені Алматы ауданында орналасқан (Ш.Құдайбердіұлы көшесі). Кезекте тұрған 200-ге жуық отбасыға аталған тұрғын үйден пәтер берілді. Көктемде аумағын абаттандырып, ағаш отырғызамыз. Осы айда кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы әлеуметтік пәтердің кілтін алды» деп жазды Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді жеңілдікпен берілетін тұрғын үй саны 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін ұлғайды.

Соңғы 3 жылдың өзінде қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй саны 5,5 есеге артты.

Мысалы, 2018 жылы 1800 пәтер, 2019 жылы 2 900 пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астам қолданысқа берілді. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары да сақталмақ.

«Жаңа 2022 жылы тағы да 10 мың әлеуметтік пәтер саламыз. Дайындық жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасын жалғастырамыз, биыл да жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қостық.

Қоныс той құтты болсын! Әрбір отбасыға амандық тілеймін!» - деп түйіндеді сөзін әкім.


Басты сөздер: Тұрғын үй, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай