Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Астанада Агроқалашық елді мекенінің тағы бір бөлігі газға қосылды

2021 жылдың 31 қазан 2021 10:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық Агроқалашық елді мекенінің тағы бір бөлігі газға қосу мүмкіндігіне ие болды. Енді ол үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға тиісті өтінім беру қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірлесіп, бұрын газға қосылмаған Агроқалашық тұрғын алабы бөлігінде газ беруді бастады.

Осылайша, Дүйсенбаев көшесі – Қарталы көшесі – Тілендиев даңғылы – Бөкеев көшесі аумағында тұрғындар газға қосылуға мүмкіндік алды. Осы жылдың қараша айында Агроқалашықтың қалған бөлігін, сондай-ақ Потанин көшесі мен Маскеу көшесі маңындағы секторды газдандыру қамтамасыз етіледі.

Осы ауданда тұратын тұрғындар үйлерін газға қосуға тиісті өтінім беру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға (Республика даңғылы, 24) жүгіну қажет. Толық ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: +7(7172)55-89-75, вн.1530, 1527.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айының ортасынан бастап Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындары да өз үйлерін газға қосып жатыр.

Айта кету керек, екі жыл ішінде елордада 645 шақырымнан астам ішкі кварталдық газбен жабдықтау желілері салынды. Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Оңтүстік-Шығыс, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды.

Осы күзде Промышленный, Агроқалашық және Оңтүстік-Шығыс (қосылмаған бөліктер) тұрғындарына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде.

Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Қаланы газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында.


Жоғары қарай