Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Астана» су қоймасына биыл қанша су жиналды

2021 жылдың 7 сәуір 2021 12:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Елорда аумағындағы су басу қаупі бар учаскелердің саны азайып келеді. Мұны мамандар былтыр қабылданған кешенді жоспардың жемісті іске асуымен байланыстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Сыздықов былтыр қала аумағында 37 қауіпті учаске болғанын айтады.

«2021 жылы қар суын ағызудың кешенді жоспары жасалды. Жоспар бойынша су басу ықтималдығы бар учаскелердің толық тізімі дайындалды. Олардың жалпы саны – 29. Алматы ауданы бойынша 7, Байқоңыр ауданы бойынша 8, Есіл ауданы бойынша 9, Сарыарқа ауданы бойынша 5 учаске бар. 2019 және 2020 жылдармен салыстырғанда су басу қаупі учаскелердің саны 8-ге азайды», - деді басқарма өкілі.

Ерлан Сыздықов коммуналдық шаруашылыққа жауапты қызметтер тасқынға дайындықты былтыр қазан айынан бері бастап кеткендерін айтады. Сол дайындық барысында Ильнка, Өндіріс, Көктал-1, Көктал-2, Теміржол, Пригород, Оңтүстік-шығыс сияқты тұрғын үй массивтерінің бәрі назарға алынған.

«Тізімдегі 29 учаскеде азаматтық қорғаныс органдарының жедел топтары толық дайындық режиміне көшірілді. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтен 190 адам тартылды.183 техника, 29 өрт сөндіру сорғысы дайын тұр. 1 сәуірдегі жағдай бойынша қала аумағынан 7 млн текше метр қар шығарылып, 178 мың текше метр қар суы сорғытылды», - дейді маман.

Басқарма өкілі «Астана» су қоймасынан қалаға келер қауіп жоқ екенін де атап өтті.

«Астана» су қоймасы мен қаланы қар суынан қорғап тұрған нысандардағы судың көлемі күн сайын тексеріліп отыр. «Астана» су қоймасындағы судың көлемі қазір 289 млн текше метрге тең. Бұл оның жобалық қуатының 69 пайызы деген сөз. Қарымта реттегішке су жиналмаған.Есіл өзені мен Сарыбұлақ бастауының, Майбалық өзенінен Нұр-Есіл арнасына дейінгі су қайтару каналының жағасын бекемдеп, арнасын тереңдету жұмыстары жалғасуда», - деді Ерлан Сыздықов.


Жоғары қарай