Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Астана Операның» сегізінші маусымы: Театр қалай жұмыс істейді

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 17:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18-19 қыркүйек күндері «Астана Операның» сегізінші маусымы «Опералық классикаға саяхат» гала-операсымен ашылады. Осы орайда театр ұжымы қатаң санитарлық жағдайда қалай жұмыс істейтінін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гала-опера театрдың Үлкен залында өтеді, оған 50 көрерменнің келуіне рұқсат берілген. Басқа көрермендер театрдың YouTube каналында концертті онлайн тамашалай алады.

«Театрға 50 көрерменннің келуіне рұқсат берілгенін қуанышпен хабарлаймыз. Мұнда барлық санитарлық талаптар мен әлеуметтік арақашықтық сақталады. Кіреберісте дене қызуы өлшеніп, қорғаныс маскасы беріледі. Зал ішінде көрермендер шахмат тәртібімен отырғызылады. Театрға екі адам бірге келсе де, араларында екі орындық бос тұруы тиіс. Бұл – әлем бойынша мақұлданған тәжірибе», - деп түсіндірді «Астана Опера» МОБТ директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева.

Оның айтуынша, көрермен санының 50-ге дейін шектелуі баға саясатына еш әсерін тигізбейді.

«Біз карантинге дейінгі баға саясатын сақтап отырмыз. Барлық билетті алдын ала сатылымға қоюға тырысамыз. Әрине, қойылымдарды онлайн көрсетуді де жалғастырамыз. Карантин кезінде де бұрынғы қойылымдарды онлайн түрінде ұсынған едік. Ертең біздің әртістер ТЖ жағдайынан кейін алғаш рет көрермендермен қауышқалы отыр», - дейді А. Құрманғалиева.

Гала-операда ұлттық және әлемдік бірнеше спектакль қамтылады. Атап айтқанда, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз», П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларынан үзінді көрсетіледі.





«Бұл өте қызықты формат және көрермендер бірнеше қойылымды тамашалай алады. Мұнда елорданың кәсіби тәжірибелі командасы өнер көрсетеді. Видеожобалау сынды заманауи әдістер бұрынғыдай қатаң декорациялардың орнын алмастырады. Оркестр ойнап жатқанда декорациялар үздіксіз ауысып отырады. Көрермендердің барлық қойылымды сүйсініп тамашалауы үшін жағдай жасауға тырысамыз. Билеттерді сатылымға шығару үшін бұйрық күтіп отырмыз, жақын арада 50 билет қолжетімді болады», - деді А. Құрманғалиева.

Сонымен бірге, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев гала-операға дайындық жұмыстарын айтып берді.

«Маусымның ашылуы – әртіс үшін әрдайым мереке. Халыққа арналған мереке. Қазіргі күрделі кезең үлкен сын-қатер төндіріп отыр. Оған да бейімделуге тырысып жатырмыз. Біздің театр «Опералық классикаға саяхат» атты қызықты, тартымды бағдарлама әзірледі. Онда біздің негізгі репертуарымыздан үзінділер көрсетіледі. Әрине, ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арнап, «Абай» операсын да орындаймыз. Мұнда 3-4 минуттық арияны орындап қана қоймай, сол образды көрсету де маңызды. Марио Каварадоссидің (Тоска операсы – ред.) қалай ғашық болғанын көрерменге жеткізу керек. Әрбір ария – кішігірім қойылым секілді. Ол үшін барлық дерлік солистеріміз жұмыс істеп жатыр. Көптен күткен кездесуге үлкен ынтамен кірісіп кеттік. Гала-опера барлығының көңілінен шығады деп үміттенемін», - деді Алан Бөрібаев.





Маэстро санитарлық талаптарға байланысты музыканттардың бір-бірінен алшақтау отыратынын, оның да оркестр жұмысына әсер ететінін жеткізді.

«Соңғы жағдайларға байланысты барлық дайындық жұмыстарын Үлкен залда өткізіп жатырмыз. Өйткені, музыканттар бір-бірінен алшақ отырған соң, аспаптардың үні де басқаша естіледі. Барлығына бой үйрету керек. Әрине, музыканттар үшін эталондық үнді табу қиын. Жылдар бойы репертуардан түспеген партиялардың өзінен жаңа дүниелер байқаймыз. Бұған адамның ішкі өсуі де әсер еретінін шығар. Жас кезіңде Ленскийді басқаша қабылдайсың, кейінірек – тіпті басқа адам ба дерсің. Осылайша, әнде, аспап үнінде жаңа сарындар пайда болады. Гала-операда болатын барлық операны жақсы көремін. Мен онда жай дирижерлік етіп тұрмаймын, әр оқиғаны өз басымнан өткеремін. Әр қойылымда Ленскиймен бірге өлемін, Онегинмен бірге жүрегім жараланады. Абаймен де бірге жан дүниемді ашамын», - деді Алан Бөрібаев.

2020 жылдың соңы мен 2021 жылы жұртшылықты айтулы премьералар мен ғаламат концерттік бағдарламалар күтуде. Қазан айының басында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының премьерасы өтеді, жаңалықтар тізбегін В.А.Моцарттың музыкасына көрнекті хореограф И.Килианның қойылымындағы «Алты би» эксклюзивті балеті жалғастырмақ. Одан кейін театрсүйер қауым назарына көптен күткен премьералар: Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсы және Т.Қажығалиев, Р.Гайсин және К.Пино-Кантананың музыкасына Патрик де Бана қойылымындағы «Дала үні» ұлттық балеті ұсынылмақ.

Тибор Кочактың музыкасына Дьюла Харангозоның «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеттік спектаклі баршаға кішкентайынан таныс ертегі желісімен жаңа қызықты интерпретацияда өнерсүйер қауымға жол тартады.

Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына орай, келер жылдың басты премьерасы – «Алпамыс» ұлттық операсы көрсетіледі.

Сонымен бірге, қыркүйек айында Күміс ғасыр балеттері хореографиялық өнерінің жауһарлары мен Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» балеті көрермен назарына ұсынылады.




















Жоғары қарай