Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Астана күні қарсаңында көкшетаулық көпбалалы отбасылар баспаналы болды

2020 жылдың 3 шілде 2020 14:16

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -Астана күніне орай Көкшетауда көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жетім балалар жаңа пәтердің кілтіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыарқа шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған жаңа тұрғын үйден пәтер кілтін тапсыру рәсіміне аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, шаңырақ иелерін астана күнімен және қуанышымен құттықтады.

«Баршаңызды келе жатқан астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жас елорданың қуанышы - әрбір қазақстандық үшін маңызды мереке. Бүгінгі Нұр-Сұлтан – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес, болашағы жарқын қала. Еліміздің төрінен аз уақытта бой көтерген әсем қаланы тұрғызу - бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор еңбегі екені сөзсіз. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!» - дей келе аймақ басшысы Ермек Маржықпаев баспаналы болған көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға жаңа пәтердің кілтін табыс етті.





«Елорда күніне орай «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңа пәтердің кілтін тапсырып отырмыз. Бұл дегеніміз - 80 отбасы баспана қуанышына кенеледі деген сөз. Осыған дейін мұндай шараны халықтың жаппай жиналуымен салтанатты түрде өткізіп келдік. Осы күні пандемия біздің өмірімізге өзгеріс енгізді. Сол себепті шараны карантин талаптарын қатаң сақтай отырып өткізуге тура келіп отыр», - деді аймақ басшысы.

Осы орайда, жаңа үйден баспаналы болғандардың бірі – көпбалалы ана Алмагүл Нұрпейісова қуанышын бөлісті.

«Мен бүгін баспаналы болғаныма шексіз қуаныштымын. Енді осы үйде отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Жалпы, бүгінгі пәтер бағасы шарықтаған заманда «Нұрлы жер» тәрізді мемлекеттік бағдарламалардың біз сияқты көпбалалы отбасыларға шарапаты мол», - дейді Алмагүл Нұрпейісова.





Айта кетейік, аймақ басшысы атап өткендей, жыл басынан бері Ақмола облысында 15 мың шаршы метр баспана беріліп, 750 отбасы пәтерлі болды.

Жыл соңына дейін тағы 50 мың шаршы метрге жуық баспана өз иесін табады.























Жоғары қарай